Басты Жаңалықтар Бельгия королі мен патшайымының елімізге мемлекеттік сапары басталды

Бельгия королі мен патшайымының елімізге мемлекеттік сапары басталды

Президент Қ. Тоқаевтың шақыруымен бүгін елімізге Бельгия королі Филипп пен патшайымы Матильданың мемлекеттік сапары басталады. Бұл екі ел тарихындағы айтулы оқиға. Себебі, бұл – Бельгия монархының, жалпы Еуропа монархының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. Биыл Бельгия мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 34 жыл толды. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Король Филипп Қазақстанға бұған дейін мұрагер ханзада ретінде үш рет сапарлаған. 2002, 2009-жылдары ол бельгиялық ғарышкермен бірге Байқоңырда болып, 2010-жылы тақ мұрагері Астанаға экономикалық миссияны басқарып барған. Ал Король ретінде бұл Ұлы мәртебелінің елімізге тұңғыш мемлекеттік сапары.

Делегация құрамында Бельгияның іскерлік және академиялық топтарының өкілдері, үкімет мүшелері, кәсіпкерлер, журналистер барлығы жүзден астам адам бар. Сапардың бағдарламасы да ауқымды.

Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі:

Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен жеке және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден бөлек, Бельгия делегациясының қатысуымен іскерлік кеңес, аса маңызды шикізат материалдары бойынша дөңгелек үстел және ректорлар форумы өтеді. Осы сапарда Қазақстан мен Бельгияның оқу орындары ынтымақтастық туралы, ал екі елдің компаниялары логистика, көлік басқа да сала бойынша келісімдерге қол қояды деп күтілуде.

Бельгия-Қазақстанның ЕуроОдақтағы маңызды серіктестерінің бірі. Біздің ел корольдікке түсті металдар, зығыр дәнін экспорттап, корольдіктен дәрі дәрмек, электротехникалық құрал-жабдық, химия өнімдерін тасымалдап отыр. Өзара тауар айналымы былтыр 582 млн доллардан асты. Сауданы еселеп, ынтымақты кеңейтуге қос тарап та мүдделі.

Максим Прево, Бельгияның Сыртқы істер министрі:

Бізге жартылай өткізгіштер өнеркәсібі, энергетика,қорғаныс және атом электр станциялары бағыты бойынша ынтымақтастық үшін мүмкіндік мол. Сол үшін біз өз стратегиямызды әзірлеуді жоспарлап отырмыз және Қазақстанның маңызды шикізат материалдарына үміт артамыз. Бельгия – Еуропаға апаратын қақпа болса, Қазақстанның да Орталық Азияға апаратын қақпаға айналатына сенімдімін. 

Бельгия ғалымдары сирек кездесетін металдарды тазартып, өңдеп, оны дайын өнімге айналдырудың сырын біледі. Бізге керегі осы тәжірибені игеру. Корольдіктің кәсіпкерлері де жаңартылатын энергияны сақтау технологиясын бөлісуге әзір.

Марк Де Зюттер, 4Е компаниясының бас директоры:

Біз күн сәулесінен, судан алынған энергияны сақтау үшін графенге негізделген жаңа батарея ойлап таптық. Ол 100 пайыз қайта өңделеді және 100 пайыз отқа төзімді. Осы жаңартылатын күн энергиясы жобасын Батыс Қазақстанда бізбен бірге жүзеге асыруға жергілікті компания қызығушылық танытып отыр.

Бельгия кәсіпкерлері соңғы жиырма жылда қазақ экономикасына 14 млрд доллардан астам қаржы құйған. Қос тарап өкілдері Король Филиптің Қазақстанға сапары өзара алыс-берісті арттырып, екіжақты байланыстың жаңа дәуірінің бастамасы болады деген сенімде.

Бөлісу