Жетісу облысында тағы 6 ветеринариялық пункт салынып жатыр
Жетісу облысында ветеринариялық пункттердің құрылысы қызу. Биыл 14 нысан ел игілігіне берілсе, тағы 6 орталық бой көтеріп жатыр. Техникалық базаға да ден қойылған. Оған ел қазынасынан 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Шаруалар ақжолтай жаңалықтың да игілігін көре бастады. Толығырақ Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.
Қазан айы келе, Әділ Қапаловтың жұмысы қыза түседі. Табын сиырына екпе егіп, қанын алып, ветеринариялық зертханаға жібереді. Ал қажетті дәрі-дәрмек мемлекет есебінен тегін беріледі. Ауылда жаңа ветеринариялық пункт пен арнайы мал қоршауы бой көтерді. Осылайша төрт түлікті күтіп-баптау да оңайлай түсті.
Әділ Қапалов, бақташы:
Қазірдің өзінде салынғалы бері малымыздың бәрін айдап келіп, кіргізіп, салып келіп қайтамыз. Ал бұрын қуалап жүретінбіз, шыны керек. Ағаштан жасап қойып, соған айдап кіргізіп жүрдік. Қазір, міне, айдап кіріп, салғызамыз да, айдап шығып кетеміз.
Өңірде мал емдеу орындарының жаппай құрылысы осыдан 3 жыл бұрын басталған. Күні бүгінге дейін 82 ветеринариялық пункт, 5 станция бой көтерді. Керек-жарақтарымен жабдықталып, 83 техника сатып алынды.
Болатхан Мұқтаров, мал дәрігері:
Қиындау болатын ғой ол кезде. Қоршаулы құрылымдар жоқ. Қазір арнайы қоршаулы құрылымдар бар, барлығы жасалынған. Қазір заманауи технологиямен жабдықталған бәрі. Жұмысымыз жеңілдеді қазір. Бұрын 10-15 күн жүрсек, қазір 7-8 күнде аяқтаймыз, мысалы.
Жетісу облысында 2 млн 800 мыңға жуық бас төрт түлік бар. Әр малға жеке нөмір беріліп, мемлекеттік деректер базасына тіркелген. Ветеринарлар сол тізім бойынша қауіпті саналатын 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алып, екпе егіп жатыр. Ал мал өлекселерін қауіпсіз жою үшін қос бірдей жылжымалы қондырғылар қолданылады.
Нұрлан Жамаубаев, Жетісу облысының ветеринария басқармасының басшысы:
Сағатына 1500 тоннаны өртеп жоя алады. Өте тиімді. Баратын жеріне барып, сол жерде тұрады. Манипулятор көтеріп, өзі салады. Өзінің пешіне салып, өздері жою әрекетін жасайды.
Қазір өңірде төрт түлік өлекселерін көмуге арналған 71 орын бар. Бірақ әлі де 47 нысан қажет. Биыл 10 мал қорымының құрылысы жүріп жатыр. Ал келер тағы 37 нысан салынады. Осылайша өңірдегі тапшылық толық жойылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы