Хуситтер Әр-Рияд әуежайына екі күнде екі рет соққы берді
Сауд Арабиясы астананасының халықаралық әуежайында тағы да жойқын жарылыс. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Мұны еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді. Ал Әр-Риядтың авиациялық портындағы соңғы ахуалға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасының мәлімдемесіне жүгінсек, бір адам қаза тауып, 11-і жараланды. Жексенбі күні йемендік хуситтер әр-Риядтың Король Халид атындағы халықаралық әуежайына соққы бергеннен кейінгі шығын осындай. Ал сенбіде ираншыл қозғалыс жіберген снарядтан мұнда 13 адам мерт болып, 308-і зардап шекті. Сол соққыдан өрт шығып, Мекке мен Мәдинаға аттанайын деп тұрған мұсылмандар жан-жаққа қашты.
Яхья Сариа, Хусит жасақтарының баспасөз хатшысы:
Қарулы күштеріміз баллистикалық және қанатты зымырандарды қолданып, төрт ауқымды операция жүргізді. Солардың біріншісінде Король Халид атындағы әуежай нысанаға алынды.
Қарулы жасақ мұнымен тоқтамақ емес. Олар Саудияның Мекке мен Мәдинадан басқа барлық әуежайлары мен мұнай инфрақұрылымын қирататынын ескертіп отыр.
Айта кетсек, Иранға арқа сүйеген шиит-хуситтер Йемен астанасы Сана мен елдің солтүстігінің айтарлықтай бөлігін 2014 жылы басып алды. Жергілікті армия болса, Саудияның көмегімен сол территорияларды қайтаруға әрекет жасап келеді. Йемендегі соғысқа Сауд Арабиясын жақтап, АҚШ та килігуі ғажап емес.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
Мүмкін, мүмкін. Біз қарастырамыз. Соңғы шабуылдар жайында енді білдік. Бір шешім қабылдап қаламыз. Біз жылдам қимылдаймыз.
Қауіпті жағдайға қарамастан әр-Рияд әуежайынан 10 шақырым жердегі Конгресс-орталықта бескүндік Халықаралық энергетикалық конференция жексенбі күні уақытында ашылды. Бірақ оны ұйымдастырушылардың бірі – Италия делегациясы форумға видеобайланыспен қатысатын болды. Ал Германия өзінің экономика министрін Берлинге бүгін қайтара алмауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Жергілікті мектептер болса, жексенбіде балаларды қашықтықтан оқытуға көшті. Онлайн-дәрістер бейсенбіге дейін жалғаспақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы