Басты Жаңалықтар Жалған медициналық қызмет: Келтірілген шығын 3,5 млрд теңге

Жалған медициналық қызмет: Келтірілген шығын 3,5 млрд теңге

Еліміздегі кейбір емхана көрсетілмеген медициналық қызметті көрсетілді деп рәсімдеп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алып отырған. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келген шығын 3,5 миллиард теңгеден асады. Заңсыз схема барысында шамамен 140 мың адамның өз жеке дерегін пайдаланған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі хабарлады. Қазір осы бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Соның бірі – Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасы. Тергеу мәліметінше, МӘМС қаржысы ешқандай қызмет көрсетпеген 20-дан астам кәсіпкердің есепшотына аударылған. Олардың деректері арқылы қаржыны заңсыз шығарып, қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Мемлекетке келген шығын – 501 миллион теңгеден асады. Екі күдікті қамауға алынған. Ал Астанада жеке клиника басшысы 15 мыңнан астам адамды заңсыз тіркеп, жалған медициналық қызмет үшін қордан қаржы алғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сыбайласы болса 3 жылға сотталды. Олар «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңге рәсімдеген.  Алматы облысында да екі стоматология басшысы дәл осындай алаяқтық үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бөлісу