Басты Жаңалықтар Youth Eco Camp Turaqty Jol: үздік экожобалар анықталды

Youth Eco Camp Turaqty Jol: үздік экожобалар анықталды

Алматыда жетінші рет өткен TURAQTY JOL жастардың экологиялық жобалар байқауы өз мәресіне жетті. Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы мен Narxoz University ұйымдастырған жоба ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның, Алматы қаласы әкімдігінің және өзге серіктестердің қолдауымен өтті. Бір апта бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өнертапқыштар экологиялық бастамаларын жетілдіріп, гранд-финалда үздік жобаларын қорғады.

Финалға өткен командалар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инновациялық жобаларын таныстырды. Олардың қатарында шахтадағы ауа сапасын бақылайтын құрылғы, жасанды интеллект арқылы ауыл шаруашылығы алқаптарын бақылау жүйесі және өндіріс орындары мен өзен-көлдерді ауыр металдардан тазартатын технология да бар.

Сабина Төлепбек, «Ақсу» командасының жетекшісі:

Жұмыс принципі – құрылғының ішіне су барады, тоқ әсерінен реакция жүреді. Нәтижесінде біз қайта қолдануға дайын металл аламыз және тазартылған су аламыз. +0656 – Кәсіпорын болсын, өзен болсын, көл болсын, судың құрамындағы концентрациясы литріне 50 мг болса, соның 99,8 пайызын бөліп ала аламыз.

Биыл жобаға еліміздің барлық өңірінен 400 өтінім түсіп, олардың ішінен 18 үздік команда финалға жолдама алды. Апта бойы сарапшылардың жетекшілігімен жетілдірілген жобалардың арасынан бас жүлдені Алматы қаласының EcoStep командасы иеленді. Олар адамның әр қадамынан электр энергиясын өндіретін арнайы жол төсемі жобасын ұсынды.

Амангелді Бекайдар, Youth Eco Camp Turaqty Jol 7.0 жеңімпазы:

Сіздің қадамыңыз өте маңызды. Сіз плитканы басқан кезде астындағы пьезоэлектрлік материалдар бүгіліп, сол жерден электр энергиясы өндіріледі. Жобамыз сол электр қуатын телефонды зарядтауға, инфрақұрылымды, датчиктерді, деректерді сақтауға және көзі нашар көретін адамдарға навигация ретінде пайдалануға бағытталған. Осы жобамызды енді Алматы метросына, Алматы қаласына орнатсақ деген ойымыз бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, TURAQTY JOL жобасының басты мақсаты – жастардың экологиялық идеяларын қолдап, оларды тәжірибеде жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Үздік жобалар алдағы уақытта өндіріс пен қала инфрақұрылымында қолдануға ұсынылады.

Азиз Қажденбек, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:

Бұл жобаның басты мақсаты – жастардың ізденісін арттыру, өңірлерден келген жастардың басын қосу және жобаларды практикалық, теориялық тұрғыда әрі елімізге пайдасы тұрғысынан жүзеге асыруға үйрету. +0240 Гранд-финалдағы жобалардың төртеуі қала деңгейінде қаржыландырусыз жүзеге асыруға болатын жобалар. Ал кейбірі қосымша қаражат арқылы ауқымды өндіріске енгізуге лайық.

Жеті жыл ішінде TURAQTY JOL жобасы 18 мыңнан астам жасты біріктіріп, 5 жарым мыңнан астам өтінім қабылдады. Сонымен қатар экологиялық бастамаларды қолдауға жалпы 35 миллион теңге бөлінген. Ұйымдастырушылар жоба алдағы уақытта да жастардың тың идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсететінін айтады.


Бөлісу