Президент автожол құрылысын 2029 жылға дейін аяқтауды тапсырды
«Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы 2029 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы телекөпір арқылы сөз сөйлеп, жол құрылысын бастауға рұқсат берді.
Күрежолдың ең ұзағы – Бейнеу – Сексеуіл бағыты. 800 шақырым. Бұл Транскаспий дәлізінің негізгі буынына айналмақ. Қорғас пен Ташкенттен басталған жүк Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге жетіп, Ақтау порты арқылы Бакуге, Ақтөбе арқылы Ресей шекарасына дейін жалғасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал – Каспий магистралі» деп атаған дұрыс.
Екінші жоба – 462 шақырымдық Қызылорда – Сексеуіл бағыты. Мұнда заманауи 4 жолақты автомагистраль салынады. 9 жол айрығы, 14 көпірмен қатар жол бойында заманауи сервистік нысандар бой көтереді. Тағы бір ауқымды жоба – «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыты. Орталық пен Оңтүстікті жалғайтын күрежол 312 шақырымнан асады. Ал Қызылорда бағытымен қоса есептегенде 774 шақырым жол салынады. Жол құрылысын толықтай отандық кәсіпорындар жүзеге асырады. Шамамен 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады деген жоспар бар. Бұл жолдар жүк тасымалын 2,5 есе арттырып, жылына 13,2 миллион тонна жүк жеткізуге мүмкіндік бермек. Осылайша 1574 шақырым жаңа мүмкіндіктер жолына айналады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы