«Creative Aimaq» жобасы: Абай мұрасынан - заманауи креативке
Абай киген шапанның тура көшірмесі, қымбат тастармен безендірілген сәукеле, қымыздан жасалған балмұздақ пен жасанды интеллект айтысы. Абай облысының креативті идея авторлары мен шеберлері өз туындыларын, стартап жобалары мен бірегей тауарларын Елордаға әкеп таныстырды.
Бұл - киелі Абай өңірінің креатив жәрмеңкесі. Бір алаңға тоғыстырылған өңірдің қолөнері, бейнелеу өнері, музей қорлары, жергілікті брендтері, ІТ жобалары мен ақылды технология бағытындағы өнімдері көптің назарына ұсынылды. Мәселен, мына күміс және табиғи қымбат тастармен көмкерілген сәукеле келушілердің назарын бірден өзіне аударды. Туынды авторы, қолөнерші Жармақ Мұқажанов - оны дайындауға 2 айдай уақыт кеткенін айтады.
Сұлтан Дәулетханов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсовод маманы:
Қызды ұзатқан кезде сау келе жатыр деп айтқан, сол себепті сау келе жатыр сөзі қысқартылып сәукеле сөзі болған. Қыздың жеке өзінің заты және бүкіл байлығы осы сәукелесінде болған. Сол кезде ауылдың қарттары қыз баланың сәукелесіне қарап қай рудан, қай өңірдің қызы екенін біліп отырған.
Өңірден барлығы 800-ден астам туынды жеткізілді. Оның ішінде шеберлердің 700-ден астам қолөнер бұйымдары мен суретшілердің 70 картинасы бар. Арасында киізден жасалған өнімдер, текемет, құрақ көрпе, ұлттық және заманауи үлгідегі киімдер, ағаш пен теріден жасалған көркем бұйымдар, ұлттық музыкалық аспаптар мен кәдесыйлар бар.
Жанжігіт Омархан, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
Біз бұл жерге әкеліп отырғандағы мақсатымыз – жалпы Абай еліндегі қолөнер шеберлерінің әлеуетін көрсету, одан кейін біздің еліміздегі қазақтың үзілмеген дәстүрінің бұрыннан қалптасып келе жатқанын жалғасында жұмыс істейтін адамдардың бар екенін айғақтау үшін келіп отырмыз.
Көрмеге келушілер үшін ақылды технологияның мүмкіндіктері де таныстырылды. Мәселен, мына дәстүрлі ақын мен жасанды интеллект негізіндегі виртуалды ақынның айтысы көпті таң қалдырмай қоймады.
Ал, бұл Абай Құнанбайұылының өз заманында киген шапанның көшірмесі. Жергілікті шеберлер оны тура суреттегідей тігіп көрмеге қойды. Сондай-ақ, бұл аймақ пайдалы әрі түрлі тағамдарды өндірумен ерекшеленеді. Мәселен, мына балмұздақ саумал мен қымыздан жасалған. Әсіресе, Саржалдың әйгілі қымызын елордалықтар сағынып қалғандай.
Алмагүл Мейрамбекқызы, кәсіпкер:
Қазіргі таңда жастарымыз, газдалған сусындарды ішеді, лимонадтарды ішеді. Одан қарағанда өзіміздің ұлттық сусынымыз – қымызды ішіңіздер деймін. Көрме-жәрмеңке екі күнге жалғасты. Аталған шара республикалық «Креатив аймақ» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы