Басты Жаңалықтар Жапондар Қазақстан өсімдіктерін зерттеп жүр

Жапондар Қазақстан өсімдіктерін зерттеп жүр

Қазақстандық ғалымдар Жапонияның жетекші университеттерінің өкілдерімен бірлесіп, еліміздің өсімдіктер әлемін зерттеуге кірісті. Былтыр Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институты мен Жапонияның Ұлттық аграрлық зерттеулер орталығы арасында бес жылдық ғылыми бағдарлама қабылданған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – өсімдіктердің генетикалық қорын сақтау, өнімділігі жоғары жаңа сорттарды шығару, дәрілік маңызы бар түрлерді зерттеу, өсімдік ауруларына төзімділікті анықтау және сирек кездесетін түрлердің жойылып кетуінің алдын алу.

Эльмира Кәленова, тілші:
Қазақстан – өсімдіктер әлеміне бай мемлекеттердің бірі. Елімізде 6 мыңнан астам өсімдік түрі кездеседі. Оның 500-ге жуығы тек Қазақстан аумағында өседі. Шамамен 400 түрі сирек кездесетіндіктен мемлекет қорғауына алынған. Бұл – терең зерттелмеген сала.
Қазақстан көптеген ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің Отаны. Сондықтан, шетелдік ғалымдар ерекше қызығушылық танытып отыр. Былтыр оңтүстік өңірлерде бау-бақшада өсетін жеміс-көкеністер зерттелген. Биыл Солтүстік Қазақстанның жабайы өсімдіктеріне басымдық берілді.
Какизаки Томохиро, NARO институтының аға ғылыми қызметкері /Жапония/:
Сегіз күндік экспедиция барысында өте құнды материалдар жинақталды. Біз шамамен 50 түрлі өсімдіктің генетикалық ерекшеліктерін зерттейміз. Бұл біз үшін өте қызықты сапар болды. Қазақстанның табиғаты мен өсімдіктер әлемінің байлығы ерекше әсер қалдырды.
Экспедиция барысында жиналған өсімдіктердің тұқымдары мен үлгілері арнайы генетикалық қорда сақталады. Кейін олардың ДНҚ құрылымы зерттеліп, ауыл шаруашылығына пайдалы қасиеттері анықталады. Ғалымдар осы сапар кезінде жабайы қауын, қарбыз және сәбіздің сирек кездесетін түрлерін де тіркеді.
Әйіп Ысқақов, қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ қызметкері:
Климаттық өзгеріс үлкен орын алып отыр. Соған байланысты өсімдіктердің аурулары, зиянкестер шығып жатыр. Біздің мақсатымыз – соларға төзімді жаңа сорттар шығару. Оған генді қайдан аламыз? Оны табиғи жағдайда өсіп жатқан жабайы туыстарынан аламыз. Міне осы жиналған тұқымдарды бұлар Жапонияға апарып зерттейді.
Зерттеу нәтижелері екі елдің ғалымдары арасында ортақ пайдаланылып, жаңа ғылыми жобалар мен селекциялық бағдарламаларға негіз болады. Мамандардың айтуынша, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, климаттың өзгеруіне бейімделген жаңа сорттарды шығаруға және еліміздің табиғи байлығын сақтауға үлес қосады.
Йошида Саки, Токио ауыл шаруашылығы университетінің профессоры:
Бұл жоба Қазақстандағы өсімдіктердің генетикалық ресурстарын Қазақстан мен Жапония арасында сақтап, өзара алмасуға бағытталған. Қазақстан көптеген дақылдардың шығу орталықтарына жақын орналасқан және өсімдіктер әлемі бай ел болғандықтан зерттеу нысаны ретінде таңдалды.
Ғалымдардың айтуынша, соңғы үш ғасырда әлем бойынша 600-ден астам өсімдік түрі жойылып кеткен. Бұған орман алқаптарының азаюы, жерді шамадан тыс игеру, қалалардың кеңеюі, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның ластануы себеп болған. Сондықтан өсімдіктердің генетикалық қорын сақтау бүгінде әлемдік ғылымның маңызды бағыттарының біріне айналды.


Бөлісу