Басты Жаңалықтар Премьер-министр отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар тапсырма берді

Премьер-министр отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар тапсырма берді

Бүгін Үкіметте отандық тауарды қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов сауда желілерінің иелерін сынап, министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді. Толығырақ тілші баяндайды.

Нарықтық заманда сөреге сүзгі қоюға келмейді. Бағаның сағасы табылса болды, импорт теңіздей төгіле салады. Салдарынан бұлақтай енді-енді көзін ашып жатқан отандық тауар өндірушілер тыста туған тауардың толқынында жоғалып кетеді. Қайтпек керек?! Үкімет үкім етпесе де, үміт болар бастамаларды қолға алып жатыр. Олжас Бектенов бірден бастап, жетіге дейін санап тұрып, жеті тапсырма берді. Соның бірінде «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ақпараттық тұрғыда қорғау және қолдау да бар.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, атап айтқанда азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар орын алуда. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір – бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін.

Сөреге жету мәреге жетумен пара-пар. Премьер-министр отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарынан орын таба алмай жүргенін айтты. Жалдау ақысы да қымбат.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес.

Министрлер баяндама жасады. Атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Ұлттық тауарлар каталогына 30 млн-ға жуық жазба енгізілді. Отандық тауарларды ілгерілету үшін 50 меморандумға қол қойылды. Мал шаруашылығын қаржыландыру көлемі артпақ. Сондай-ақ, 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінде 478 жоба іске қосылады. Қуантарлығы, негізгі өнімдер бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отырмыз.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Импорттық тәуелділік төмендеді. Оның үлесі 14,7 пайызға дейін қысқарды. Бүгінде Қазақстан ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етеді. Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100 пайыз қамтылған.

Үкімет басшысы бір ай ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын тауарларды қолдау мен ілгерілетудің кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, отандық өндірушілер өз өнімдерін өткізу кезінде негізсіз әрі басы артық әкімшілік талаптар болмауы керек деді. Қорыта айтқанда, Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ нарықтағы таңдау – тұтынушының еншісінде қала береді.


Бөлісу