Басты Жаңалықтар Өскеменде қатты дауыл үйлердің шатырын ұшырып, бағаналарды құлатты

Өскеменде қатты дауыл үйлердің шатырын ұшырып, бағаналарды құлатты

Өскеменде қатты дауыл соғып, «Ахмер» деп аталатын кенттегі жеке 5 үйдің шатырын ұшырып кетті. Бүтін бір шағын аудан 5 сағатқа жуық жарықсыз қалды. Сонымен қатар көшедегі электр бағаналары құлап, аялдамалар аударылып қалды. Дауыл ұшырған жабындылар электр сымдарын үзіп кетті. Табиғаттың тосын мінезінен ешкім зардап шеккен жоқ, көліктер бүлінбеген. Бас-аяғы 10–15 минуттық дауылдың жылдамдығы шамамен секундына 25–30 метрге жетті. Үзілген электр сымдары мен бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін қала бойынша 5 бригада тоқтаусыз жұмыс істеді. Нәтижесінде шағын ауданға жарық толық беріліп, бағаналар жөнделіп жатыр.

Медет Болатов, қаланы жарықтандыру компаниясының учаске басшысы:

Екі бригада бірден шығып, бүлінген жерді тауып, енді түнімен жұмыс істеп жатырмыз. Бұйыртса, тез арада бәрін қалпына келтіреміз.

Құлаған бағаналар қайта орнатылады

Қаланы жарықтандыру мекемесі мамандарының мәліметі бойынша, шеткі екі шағын ауданда жиырмаға жуық бағана құлаған. Олардың барлығы да көшеге жарық беретін және бағдаршамдар орнатылған бағаналар. Автокөлік көп жүретін айналма жолда кептеліс болмас үшін полиция қызметкерлері көлік қозғалысын қолмен реттеді. Ал құлаған бағаналар орнынан алынып жатыр. Сынған ағаштар мен тоғайлар да бірден тазаланды.

Әмина Құрманжанқызы, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

Қатты жел салдарынан Өскемен қаласында 1200 абонент жарықсыз қалған болатын. Соның ішінде көше жарықтарына 2 бригада, жеке саяжай жарықтарына 3 бригада жұмылдырылып, ретке келтірілді. Қазіргі таңда барлығы ретке келтірілді, барлығы қала әкімінің жеке бақылауында.


Бөлісу