Судағы қауіпсіздік – баршаға ортақ міндет
Шомылу маусымы басталғалы елімізде 100-ден астам адам суға кеткен. Көз жұмғандардың дені рұқсат етілмеген аймақтарда шомылған. Қауіпсіздік ережелері сақталады деген өзен-көлдерде де өлім-жітім аз емес. Оған себеп – қайғылы жағдайға душар болғандар қауіпсіздік талаптарын сақтай бермейді. Жаз мезгілінде жиі көтерілетін мәселенің түйінін тілшіміз тарқатады.
Мына видео Жетісу облысындағы Алакөл жағалауында түсірілген. Туристер мінген катер суға бата жаздады. Ал жолаушылар құтқару кеудешесін де кимеген. Оқиға тексеріліп, катер иесіне 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Су көлігі айып тұрағына қойылды. Мамандар дәл осындай жағдайдың жиілегенін айтады. Туристік маусым басталғалы аймақта мөлшерден асыра адам тасымалдағаны үшін 25 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Бағдат Тыныбек, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
Рейдтік шаралардың нәтижесінде 200-ден астам құқық бұзушылық анықталып, 3 млн-нан астам теңгеге айыппұл салынды. Шағын көлемді заңбұзушылықтардың ең көп орын алатыны – құтқару кеудешесінсіз шағын көлемді кемеде отыру, біздің белгіленген адамдар түсетін жерден асып, соларға өтіп кетуі.
Шомылу аймағындағы қауіпсіздік – баршаға ортақ міндет. Алайда ережені елемейтін демалушылар да аз емес. Шомылу маусымы басталғалы Алакөл жағалауында 2 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Басым бөлігі – қоғамдық тәртіпті бұзып, алкоголь ішкендер. Мамандар қауіпсіздік әр демалушының өз жауапкершілігі екенін ескертеді.
Ерсін Ибрашев, облыстық туризм басқармасының басшысы:
Шомылу маусымы басталғалы Алакөлде қауіпсіздік шараларын күшейттік. 40 құтқару мұнарасы, 13 шақырымдық буй желісі мен 41 бейнебақылау камерасын орнаттық. Соған қарамастан, оқыс жағдайлар әлі де тіркеліп жатыр. Сондықтан рейдтік жұмыстарды үздіксіз жүргізіп, кәсіпкерлер мен демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп келеміз.
Судан келетін қауіп тек Жетісу жұртын ғана емес, Каспий жағасындағы халықты да мазалайды. Теңіз толқыны үрлемелі шеңбердегі өрімдей жастарды жағадан 800 метрге тартып әкетті. Бұл жағдай Каспий теңізінде кеше болды. Абырой болғанда, құтқарушылар жастарға дер кезінде көмек көрсетті.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Бүгінде елімізде 733 ресми шомылу орны бар. Ал 5 мыңнан астам жерде суға түсуге тыйым салынған. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек рұқсат етілген орындарда демалуға шақырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы