Басты Жаңалықтар Әлеуметтік желідегі әдепсіздікке тосқауыл қойылады

Әлеуметтік желідегі әдепсіздікке тосқауыл қойылады

TikTok желісінің тікелей эфирінде әдеп пен тәртіп талаптарын бұзған жиырмадан астам адам жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың бірқатарына айыппұл салынып, кейбірі қамауға алынды. Құқық қорғау органдары енді желіде қаралым жинау үшін заң бұзатындарға бақылау күшейетінін мәлімдеді. Алайда мұндай контент неге сұранысқа ие? Бүгінде тұтынушылардың талғамы мен сұранысы қандай? Мәдина Нағашыбай зерттеп көрді.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Қазір әлеуметтік желі сапалы контент ұсынып, аудитория жинап, кейін жарнамадан табыс алатын алаң ғана емес, стрим арқылы тез пайда табудың амалына айналды. Көрермен назары үшін түрлі айлаға баратындар көп. Тіпті былапыт сөз, ерсі қылық жасап, бір біріне күш көрсетуден тартынбайтындар бар. Ал мұны ұнатқан көрермен стримерге донат, яғни ақшалай сыйлық жібереді.

Бақытжан Әлкебаева, контентмейкер:

Манипуляция, провокация, өзгенің шамына тию, жеке өмірін жария қылу деген контенттер арқылы елдің назарын тез аударады, сәйкесінше, қаржы да тезірек түседі. Бұның жолын сапалы контент арқылы жабуға болады. Стримерлердің арасында дұрыс дүние айтатындар да бар. Оны да таңдай білу керек. Бұл жерде цифрлық сауаттылық, медиа сауаттылық өте басты рөл ойнайды.

Атырау қаласының тұрғыны 70 жастағы Хадиша Аймұхамбетова әлеуметтік желіге осыдан 3 жыл бұрын тіркелген. Ақындардың жырынан үзінді оқып, блог жүргізіп бастаған әжей бүгінде тікелей эфирдің тұрақты стримері. Тикток арқылы небәрі үш күнде 8 млн теңге табыс тапқан. Айтуынша, оқырман санын есерленбей де еселеуге болады.

Хадиша Аймұхамбетова Атырау қаласының тұрғыны:

Біреулер жалаңаштанып отырады, біреулер құлағын кесіп отырады, басқасы тағы бірдеңе істеп отырады. Оның бәріне қарсымын. Ол дұрыс емес. Мына халыққа, жастарға бұның бәрі жақсы зат емес қой көрсетіп отырған. Ол болмайды, тыйым салу керек. Өткен өмірімді айтамын, тағдырымды айтамын. Сондай болмаңдар, менің көрген қиыншылықтарымды сендер көрмеңдер деп. Солай айтып отырамын, бар білгенімді айтып отырамын.

Мамандардың айтуынша, эмоция сыйлайтын кез келген контент өтімді. Әсіресе жанжал мен агрессия адамның назарын бірден аударады. Бұл табиғи әлеуметтік құбылыс. Ғылымда бұны morbid curiosity механизмі деп атайды. Ал оны тұрақты тұтыну немесе қолдау көрерменнің өз жауапкершілігі.

Раушан Жүсіпова, әлеуметтанушы:

Бұл өте қауіпті. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын біз осындай үрдістермен бүгінде кездесіп жатырмыз десе болады. Сондықтан әлеуметтік жаупкершілікті қалыптастыру үшін бұған ережелер қолданылуы керек. Көп мемлекеттерде уақыт өте келе тосқауыл қойылады, заңдар қабылданып жатады.

Алайда бұған енді заң тосқауыл болады. Соңғы бірнеше күннің ішінде әлеуметтік желіде әдептен озып, оғаш қылық танытқан жиырмадан астам азамат жауапқа тартылды Демек, желіде желпініп шектен шығуға енді жол берілмейді.


Бөлісу