Өндіріс орындарында арнайы сайлау учаскелері ашылады
Еліміздің сайлау туралы Конституциялық заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес енді үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында арнайы сайлау учаскелері құрылады. Мәселен, Қарағанды облысында мұндай төрт учаске жұмысын бастайды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірге арнайы келіп, дайындық барысын тексерді.
Сайлауға қатысу – азаматтардың ең маңызды конституциялық құқықтарының бірі. Сол үшін биыл үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында сайлау учаскелерін құру мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысындағы Qarmet кәсіпорнының өндірістік объектілері базасында екі бірдей сайлау учаскесі құрылды.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Қазіргі заңымыздың талабына сай үнемі жұмыс істеп тұрған, үздіксіз қосулы тұрған осы өндірісте жергілікті аумақтық сайлау комиссиясы шешім қабылдаса, ондай өндірісте жаңа сайлау учаскелерін ашу құқығы пайда болды.
Өңірге жұмыс сапарымен келген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы өндіріс орындарындағы сайлау учаскелерінің әзірлігін тексерді. Мұндай учаскелер Теміртаумен қатар Балқаш қаласы мен Нұра ауданындағы вахталық кентте де ашылады. Ерекше мүмкіндік жұмыскерлердің уақытын үнемдеп қана қоймай, кәсіпорын жұмысына да пайдасын тигізбек.
Медет Қайыркенов, «Qarmet» АҚ өндірістік ауысым шебері:
Дауыс беруге, өзінің таңдауын жасауға өте қолайсыз болатын. Қазір бізге қолайлы жағдай жасап отыр. Қызметкерлер жұмыс үдерісін үзбей, уақытын тиімді пайдаланып, жұмыста бекітілген сайлау учаскесінде өзінің азаматтық таңдауын жасап, дауыс бере алады. Осындай мүмкіндікке ие болып отыр.
Өңірде мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі оқу-модульдік орталық ретінде №16 сайлау учаскесі таңдалды. Аталған учаскеде сайлаушылардың өз бетінше дауыс беруіне қолайлы заманауи жағдайлар жасалған. Сондай-ақ дауыс беру күні инватакси қызметі де жұмыс істейді. Облыста мүгедектігі бар 6 245 сайлаушы тіркелген.
Нияз Сүндеталиев, «Qamqor Plus» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (аударма):
Бұл сайлау учаскесі барлық талапқа сай келеді деп толықтай айта аламын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға Брайль қарпіндегі трафареттер мен аудиобюллетень қолжетімді. Ал арба пайдаланушылар үшін дауыс беруге қолайлы орта жабдықталған.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы инспекциялық сапар барысында тағы бірнеше сайлау учаскесін аралап, дайындық барысын тексерді. Ал Теміртау қаласында сайлау комиссиялары мүшелеріне кіріспе және қорытынды тестілеу семинары өтті. Қазіргі таңда аймақта төрт мыңнан аса учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін біріктіретін 639 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Тіркелген сайлаушылар саны 760 мыңға жуық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы