Басты Жаңалықтар Ұлдана Мырзуан ісі: Сапасыз тұрғын үйлерге кім жауапты?

Ұлдана Мырзуан ісі: Сапасыз тұрғын үйлерге кім жауапты?

Былтыр Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккенде, сол жерге жедел жәрдем көрсетуге барған Ұлдана есімді фельдшердің төбесінен тағы кірпіш құлап, он күннен соң көз жұмған. Өткен айда сот басталды. Айыпталушы – пәтер иелері бірлестігінің төрағасы. Оған өз міндетіне салғырт қараған деген айып тағылып отыр.

Тергеушілер мен прокурорлар, егер төраға үйді қарап, қауіпті жерден өтуге шектеу қойғанда, мұндай қайғылы оқиға болмаушы еді деп санайды. Айыпталушы келіспейді. Бірқатар әріптесі оны қолдап отыр. Олар жауапкершілік үй салған құрылыс компаниясының мойнында – құрылыс компаниясы өрескел қате жіберген деп есептейді. Сот әлі аяқталған жоқ.

Қала тұрғыны:

Мына жерге дейін жауып қойдық. Анау құласа, мына жерге дейін жетуі де мүмкін. Өйткені биік қой. + Қорқамыз, балалар өтеді, үлкен кісілер өтеді.

Бұл 2009 жылы салынған «Батыр» тұрғын үй кешені. Соңғы үш-төрт жылда қабырғасы шытынап, кірпіштері құлай бастаған. Жуырда осы жағдай тағы қайталанды. Тұрғындар альпинистке тексерткен еді. Жоғары қабаттағы кірпіш қаптамасы қабырғадан мүлдем ажырап кеткен.

Қала тұрғыны:

Жаңбыр жауғаннан кейін шелдер кіреді. Су кіргеннен кейін мұз қатады да облицовочный кірпішті итереді. Содан кейін кірпіштің бәрі құлайды.

Ақмарал Оспанова, Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы:

Әкімдікке жаздым, олар ТҮКШ-ке жіберді. ТЖМ-ға жаздым, олар ТҮКШ-ке жіберді. ТҮКШ жауабы – өздеріңіз заң аясында бірлестік жауап береді деген.

Тұрғындардың айтуынша, құрылысты 17 жыл бұрын «Ротор» компаниясы салған. Кепілдік мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен баспананың сапасыздығына сол компания кінәлі ме, әлде басқа факторлар әсер етті ме, оны анықтау үшін алдымен үйге толық техникалық сараптама жасау қажет. Оның құны да арзан емес.

Ақмарал Оспанова, Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы:

17,8 млн-нан бөлек техникалық тексеру бізге қандай қорытынды беретінін білмеймін. Бізге керек жөндеу жұмыстарын қандай мекеме жасап беретінін, қанша ақша сұрайтыны белгісіз. Ол жұмыстарды атқару тікелей маған байланысты емес. Қаражат жинау керек халықтан, олардың келісім қолы керек.

Еркебұлан Мәлік, Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысының орынбасары:

Мен бүгін ғана бұл мәселені сізден естігеннен кейін мамандарды шақырып сөйлестім. Бұл кісілердің келіп түскен өтініші жоқ. Бірақ, ертең біздің мамандар барып МИБ төрағасымен сөйлеседі.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Иә, қалаларда мұндай жайт аз емес. Қай төбеден қауіп төнеді деп сескенетін ситуация. Былтыр қарашада дәл осы үйдің қасбеті Ұлдана Мырзуанның өліміне себеп болған еді. Зардап шеккендерге көмектесемін деп келген жедел жәрдем маманы ауыр жарақат салдарынан мерт болды. Қазір соты өтіп жатыр. Айыпталушы – құрылыс компаниясының өкілі емес, сол маңды қоршамаған мүлік иелері бірлестігінің төрағасы. Сот әлі аяқталған жоқ. Бұл іске қатысты түпкілікті қорытынды шығаруға әлі ерте. Десе де, жалпы картинаны алып қарасақ, тұрғын үйдің сапасы нашар болса, қабырғасы қақырап құлап жатса тұрғындар кімге жүгінеді? Мүлік иелері бірлестігіне кінә арта салу қаншалықты орынды? Құрылыс компанияларының жауапкершілігі туралы не айтамыз?

Бір ғана Астананың өзінде тұрғын үй сапасына қатысты айына кемі 1500-нан аса шағым түседі. Егер үйдің кепілдік мерзімі әлдеқашан өтіп кетсе әрі ескі болса, әкімдік реновация немесе жаңғырту бағдарламалары арқылы шешеді. Ал бертін салынған үйлер болса, пайызсыз несие арқылы жөндету варианты бар.

Еркебұлан Мәлік, Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысының орынбасары:

Ақшалары қаражаттары болмаса біздің әкімшілікте «Өркен қала» деген ведомстволық мекеме бар. Тұрғын үйдің модернизациясымен айналысатын, біз соны ұсынамыз. Бұл жерде де тұрғындар бас тартады, себебі пайызсыз 10-15 жылға бөліп береміз. Сол кезде бас тартады, төлемейміз, тегін істеңдер деген.

Бір тұрғын үйдің қасынан өтіп бара жатырсың. Оның қасбеттері құлады, адамдар зардап шекті, дәл осы жерде кім жауапты?

Еркебұлан Мәлік, Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысының орынбасары:

Тікелей МИБ. Көппәтерлі үйлер аяқталғаннан кейін сол үйдің тұрғындарының, меншік иелерінің жауапкершілігінде.

Құрылыс компаниясының кінәсі болса ше?

Еркебұлан Мәлік, Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысының орынбасары:

Бұл үйге кепілдік бар ма, жоқ па, егер де кепілдік мерзімі өтіп кетсе, әрине МИБ жауап береді, кепілдіктегі үй болса, онда құрылыс мекемесі жауап береді.

Бірақ мүлік иелері бірлестігінің мамандары бұл талаппен келіспейді.

Ақмарал Оспанова, Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы:

Тұрғын үй қатынастарына қатысты 51-1 бап бар. Төраға тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдайды қамтамасыз етуге тиіс. Мен құрылыс саласының маманы емеспін. Қарап тексеру арқылы жағдайын біле алмаймын. Техникалық тексеру жасап бергеннің өзінде оның қаншалықты дұрыс мәлімет екенін білмеймін.

Тұмаргүл Мұздыбаева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылыс кафедрасының аға оқытушысы, РhD:

Олар жай ғана сол үйдің арасынан шыққан адамдар. Олар маман емес. Олар судың келуін қарайды, жылу келу керек, соған қарайды. Қарды тазалайды деген сияқты олардың жұмыстарын ұйымдастырады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Ал Еуропа, АҚШ, Азияның дамыған елдерінде құрылыс компаниясы көпқабатты үйлердің бірінші қабатына мынадай тор тәрізді қалқанша орнатуға міндетті. Нәтижесінде адамдарды жоғарыдан құлаған құрылыс материалдары мен еріген, қар мұздардан қорғайды. Оның үстіне жеке мүліктерін, яғни баспанасы заңды түрде сақтандыру тәжірибесі кеңінен тараған. Сондықтан біздегідей анау кінәлі, мынау кінәлі деп бір-біріне сілтеп отырмайды.

Бұрын құрылыс нысандарының кепілдік мерзімі 2 жыл болса, жаңа құрылыс кодексіне сәйкес жалпы кепілдік 5 жылға дейін, ал қасбет, сыртқы қабырға, шатыр және тіреу конструкцияларының кепілдігі 10 жылға дейін ұзартылды. Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі өкілдерінің айтуынша, үйді салған компания қанша жыл өтсе де жауапкершіліктен жалтара алмайды.

Нұрлан Капашев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы:

Кепілдік мерзімінің аяқталуы – құрылыс иесінің жауапкершілігі алынып тасталады деген сөз емес. Алдымен құрылысқа техникалық тексеру жүргізу қажет. Егер ақау құрылыс иесінің кінәсінен екені дәлелденсе, мысалы, құрылыстың дұрыс жүргізілмеуі, жобалық-сметалық құжаттың сәйкес келмеуі, сапасыз материалдан салынуы, онда құрылыс иесі жауап беруі тиіс.

Тұмаргүл Мұздыбаева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылыс кафедрасының аға оқытушысы, РhD:

Құрылыс нормасы бойынша құрылыстың қызмет ету жылдары бар. Кірпіш үйден салынған үйлер 100 жылдан асу керек. Қазіргі көп үйлер қаңқалы үйлер деп аталады. Монолитный бетоннан қаңқа жасайды. Қаңқа дегеніміз 150 жылға дейін жарау керек.

Еркебұлан Мәлік, Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысының орынбасары:

Кепілдік мерзімін ұзарту керек. Мысалы бізде тұратын үй 70-80 жыл тұратын болса, сол мерзіммен кепілдік берілу керек.

Наурыз Сайлаубай, ҚР құрылтайының депутаты:

Кейде қоныс тойы өтпей жатып құбырлардан су кетіп, қабырғалар жарылып, қыс мезгілінде пәтер тоңазиды, тіпті қасбеттері құлайтын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде тұрғындар инженерлік желілерден бастап құрылыс сапасына дейінгі сан алуан мәселемен бетпе-бет келеді. Үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда болды, қайда қарады?

Дәл осы сұрақ көптің көкейінде тұр. Кәсіби маман Тұмаргүл Мұздыбаева құрылысты бақылауда қарама-қайшылықтар барын айтады.

Тұмаргүл Мұздыбаева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылыс кафедрасының аға оқытушысы, РhD:

Үй пайдалануға берілер кезде оған үш тарап қол қояды: құрылыс салушы, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау. Ең парадоксалдысы – техникалық және авторлық қадағалау қызметтерін құрылыс салушының өзі жалдайды. Олай болмауы керек. Себебі құрылыс салушы – мүдделі тарап. Сонда үйдің талапқа сай салынғанын бақылауы тиіс техникалық және авторлық қадағалау қызметтерін де өзі жалдап, ақысын өзі төлейді. Егер қадағалаушы тарап құрылыс салушыдан ақша алып отырса, оның жұмысына қаншалықты тәуелсіз бақылау жасай алады деген сұрақ туындайды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Ал шетелдік тәжірибені зерделесек, құрылыс сапасын тәуелсіз, ешкімге бағынбайтын бейтарап инспекторлар тексереді. Бізде қабылданған құрылыс кодексінде бұл тұсы өзгермеген, тек бақылаушы қатарына мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы мен Төтенше жағдайлар органы қосылды. Цифрлық жүйелер арқылы автоматты тексеру де көзделген. Бірақ, бұл қазір салынып жатқан құрылыстарға қатысты. Ал осы уақытқа дейін бой көтерген ғимараттардың жайы қалай екен. Ұлдана Мырзуанның қайғылы қазасы – бұл жүйедегі олқылықтардың дабылы еді...
Бөлісу