Басты Жаңалықтар Фастфуд жарнамасын шектеу семіздікті азайта ма?

Фастфуд жарнамасын шектеу семіздікті азайта ма?

Денсаулық сақтау министрлігі фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майлар мөлшері жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірлегенін хабарлады. Теледидар мен радиода, әлеуметтік желілер мен көшелерде ілініп тұратын жарнама тақтайларында. Иә, балалардың семіздігі деген проблема біздің елде де алаңдайтын шкалаға көтерілді. Елдегі 6 мен 9 жастағы балалардың 23%-ында артық салмақ бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан.

Мұндай жарнаманы шектеуді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдайды. Себебі жарнама мен таңдаудың арасында тіке байланыс бары ғылыми дәлелденген. Тақырыпқа байланысты шолып шыққан материалдардың түйіні: фастфуд пен газдалған сусынды әлеуметтік желілерден тұрақты көретін балалар мен жасөспірімдер ондай өнімдерді көп сатып алады. Маркетингтік шектеу – сондай құштарлықты азайтады.

Жақсы, жарнама шектелді делік. Тиімділігі байқалғанын да сезейік. Бірақ бұл фастфуд пен қанты көп тамақ түрлеріне балалар тәбеті төмендейді деген сөз емес. Бұл қатпар-қатпар мәселе. Фастфуд ала берудің әмиянға да байланысты екені даусыз. Алайда ерік-жігердің де сыналатын жері. Ата-ананың ерік-жігері.

Гаухар Кенжебаева, қала тұрғыны:

Фастфуд пен газдалған су ішкеннен қалай толғанымды білмей қалдым. Салмағымды өлшегенде қорқып кеттім ғой. 130 көрсеткенге.

Алты жыл бұрын қасықтай болған Гаухар қазір өзімен күресіп жүр. Арманы – артық салмақтан арылу. Тәбетті тартып тұрса да, тәтті сулардан тыйылған. Себебі...

Гаухар Кенжебаева, қала тұрғыны:

Жүріп-тұруым қиындады. Жүрегімді май басып, одышка бола бастады. Киімдерім сыймай бастады. Содан кейін барып білдім семіргенімді.

Семіздік Гаухардың ғана мәселесі емес. Елде «тойған қозыдай томпиған» балалар көбейіп барады. Бұл біздің жұмсартып айтқанымыз ғана. Ал шын мәнінде...

Гаухар Бисарина, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

Балалардың 6%-ы семіздікке шалдыққан. Ал жасөспірімдердің шамамен 18%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын міндетті түрде ішеді.

Ал қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ.

Жанна Нұрбергенқызы, нутрициолог:

0,5 сусынның ішінде 80-100 грамм қант болады. Ол бір кесе қант. Бір кесе қантты біз жеп қоя алмаймыз ғой. Бірақ тәтті сусынның бірнешеуін ішіп қоя алады балалар. Бұл өте үлкен доза қанттың.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Бір қарағанда, қарапайым түскі ас. Бургер, фри... түрлі... соустар. Дәмді, тез. Әрі тойымды. Сосын осының бәрін сіңіруге энергетикалық су ішеміз. Бургерді бір рет жегеннен адам семіріп кетпейді. Таразыдағы сан бір күнде өзгермеуі мүмкін. Бірақ дәл мұндай тағамды күнделікті әдетке айналдырсақ, ағзаға түсетін калория мөлшері көбейіп, артық салмақтың жиналары анық. Ал «Артық салмақ – артық ауру».

Әсем Шакеева, педиатр-дәрігер:

Жоғары асқазан қабынуы ересек адамдарда кездесетін болса, тамақтану өзгерістеріне байланысты бұл ауру жасарды деп айтса болады. 11-12 жас балаларда жиі кездесетін болды.

Берик Молдабаев, «Берік адам» жобасының жетекшісі:

Оның үстіне ұйқы бұзылған, қозғалыс жоқ. Тамақ бұзылған. Тамақты жейін деп жатқанда көзбен қарап, мен аузыма не салайын деп жатырмын деген анализ болу керек та.

Мамандар балалар үйде де, түзде де тамақты талғамай жеп жатыр дейді. Көшенің бойы қаптаған жарнама. Цифрлық кеңістікте де сол. Былтыр Қарағанды қаласында ғалымдар зерттеу жүргізген. Олар мынадай қорытынды жасады.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, азық-түлік жарнамасын ең көп көретіндер – 11-14 жастағы балалар. Олар күніне орта есеппен 15 рет фастфуд пен тәтті сусындардың жарнамасын тамашалайды. Балалардың 54%-ы жарнаманы TikTok-тан, 35,76%-ын Instagram-нан, 10 пайыздайы YouTube-тан көреді. Жарнаманы қабылдау баланың жасына қарай өзгере береді. Мәселен, 10 жасқа дейінгілер оны ойын-сауық ретінде қабылдаса, одан үлкендерін танымал брендтер қызықтырған. Жасөспірімдер бұған сын көзбен қарағанымен, фастфуд пен тәтті сусын таңдаған кезде жарнаманың ықпалы бар екені анықталған.

Марат Калишев, Қарағанды медицина университеті Қоғамдық денсаулық және мейіргерлік білім беру мектебінің профессоры:

Соның әсерінен бала аш болмаса да, өнімді көріп, оны жегісі келуі мүмкін. Адам фастфудты үнемі тұтынса, ағзаға май түрінде жиналады. Бұл процесс ұзақ уақыт жалғасса, семіздікке, кейін 2-типті қант диабетіне әкелуі мүмкін.

Рауан Ерұланқызы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Қазақстандағы жоба координаторы:

Фастфуд сататын, түрлі сусындар сататын кәсіпкерлер баланың психологиясында ойнау арқылы табысымды көбейтемін деген ойдан аулақ болуы тиіс. Мемлекет сол баланың дұрыс тамақтануы үшін «ойын тәртібін» бекітеді.

«Ойын тәртібі» дегеніміз – талап! Бұған дейін 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Енді Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд пен тәтті сусындар жарнамасына шектеу қоюды ұсынып отыр.

Гаухар Бисарина, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

Жарнаманы шектеу деген дүкен сөрелеріндегі барлық сусынды алып тастау деген сөз емес.

Министрлік мәліметінше, фастфудтың бәріне бірдей шектеу қойылмайды. Негізгі назар оның құрамына аударылады. Әзірге оның нақты нормасын және қадағалау тетігін министрлік таратып айтқан жоқ. Бұл ретте бизнестің өз айтары бар...

Вероника Дауғалиева, Қоғамдық тамақтану саласындағы Өзін-өзі реттеу ұйымының төрағасы:

Кәсіпкерлер бұған қарсы емес. Бірақ жаңа шектеулерді енгізбес бұрын, оның экономикаға әсерін алдын ала бағалау қажет. Жаңа талаптарға бейімделуі үшін кемінде 6 ай уақыт берілуі керек. Бұл кезеңде олар жарнамаларын, өнім ассортиментін және ішкі жұмыс тәртібін жаңарта алады.

Қазір елде шамамен 120 мың қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Оның 10%-ы, яғни 12 мыңы – фастфудпен айналысады. Мамандар тақырыптың таразылайтын тұсы көп дейді. Мәселен, оқу ордасының маңында 10 дүкеннің 8-інде фастфуд пен тәтті сулар саудаланса, баланың, жалпы, жастардың таңдау мүмкіндігі қаншалықты еркін деуге болады?

Былтыр Душанбеде Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы өткізген жиында сарапшылар мектеп маңындағы 1-1,5 шақырым қашықтықта энергетикалық сусындар мен фастфуд сатуға тыйым салуды ұсынды. Алайда бұл – міндетті талап емес, шешім қабылдау әр елдің өз еркінде. Жалпы, көтеріп отырған проблемамен жаһан жұрты қалай күресіп жатыр?

Марал Әлмағанбетова, диетолог:

Ұлыбритания, АҚШ, Мексика елдер. Олар не істеген? Дүкен сөрелеріндегі қанты жоғары, тығылып тұрған майлары бар тамақтарға қара белгі қойып қойған. Екінші мәселе, қант бар, майы бар тамақтарға салық салып қойған.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Таразының бір басында – баланың денсаулығы, екінші жағында тұтас бір саланың тұрақтылығы… Негізі мәселеге кешенді қарамаса, нәтиже болмайды. Жарнаманы шектеумен бірге, баланың күнделікті ортасын да өзгерту. Дүкен сөресінде қанты мен майы көп өнімдерді көздің жауын алатындай самсатып қоймау. Бұл жарнаманы шектеуден де қиын екенін түсінеміз… Тағы бір маңызды дүние – ата-аналар үйде барынша дұрыс тамақтануды әдетке айналдыруы қажет. Баланың өмір сүру салты, оның ішінде тамақтану да бар, ата-анаға да байланысты. Азық-түлік бағасы, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеу сияқты факторларды жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ерік-жігер деген де маңызды дүние бар. Бабалары аттың құлағында ойнаған балалардың «бұлт сияқты теңселіп» бара жатқаны әр отбасы үшін де, мемлекет үшін де алаңдайтын көрініс.


Бөлісу