Ілеспе газды майнингке жұмсау қаншалықты тиімді?
Аптадағы Үкімет отырысында цифрлық активтер нарығы талқыланды. Оның ішінде біз таңдап алған тақырып: мұнай-газ кеніштерінде майнинг фермаларын орналастыру. Ілеспе газды мұнай кенішінде бірден электр энергиясына айналдыру идеясы.
Бұл былай: ілеспе газ босқа жанып жатыр немесе қайтадан жер қойнауына айдалады. Осыны майнингке қажет электр энергиясына айналдыру. Логикаға сыяды, себебі майнинг өндіруге өте көп энергия керек, тиісінше, жалпы электр энергия нарығына түсіретін салмағы аз емес.
Негізі, бұл көлеңкедегі нарық еді. Майнинг фермалары электр желілеріне заңсыз қосылып, өте көп электр энергиясын ұрлады. Бүтін бір қала немесе бірнеше аудан тұтынатын электр қуатын тұтынды. Кейін арнайы органдар мемлекеттен арзан энергия алып отырған кәсіпорындардың өндіріс қуатын арттырудың орнына майнинг фермаларына қуат бергендерін жариялады. Ондай ұрлықшы майнинг компаниялардың сыртында белгілі адамдар тұрғанын айтты. Кесірінен елде тіпті электр энергиясының тапшылығы пайда болды.
Қазір бұл нарықта міндетті лицензиялау енгізілген. Дифференциалды тарифтер және арнайы салық қойылған.
Ілеспе газдың не екенін білетін боларсыз. Ол мұнаймен бірге жер астынан шығатын газ. Қазақстанда оның бір бөлігі қайта жерге айдалады, бір бөлігі өңделіп, өндірісте пайдаланылады. Ал кәдеге жаратылмағаны факельде жағылады. Факельде жағу экологияға да зиян. Сондықтан осы газды майнинг өндірісіне жұмсау жоспарланып отыр. Майнинг деген криптовалюта өндіретін процесс.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Еліміз жаһандық биткойн майнинг саласына қатысу үлесі бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына енді. Энергетика министрлігі жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, майнинг орталықтарының қызметін қамтамасыз ету үшін газ және көмір генерациясын пайдалану тетігін пысықтасын./
Қазақстанда жылына 300 млн текше метрге жуық газ факельде жағылады. Негізі, бұл басқа елдермен салыстырғанда өте аз және Қазақстанда өндірілетін жалпы газдың 0,5 пайызы ғана. Бірақ сол 300 млн текше метрдің өзі орта есеппен 100 мың үйді жыл бойы жылумен қамтуға жетуі мүмкін.
Бірақ оны қалаларға жеткізу қиын әрі шығыны көп. Себебі, ілеспе газ шығатын мұнай орындары шалғайда. Ол жерден мұнайды көлікпен тасуға болар, бірақ газды бөшкеге құя алмайсың. Оны жеткізу үшін құбыр салу қажет. Сондықтан мұнай кен орындарының қасынан майнинг фермалар салып, электр энергиясын сол жерде өндірген тиімді, – дейді мамандар.
Сергей Путро, Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығының вице-президенті:
Кен орындары қасына газтурбиналық қондырғыларды орнату арзан. Ал, ілеспе газды тауарлық газға айналдыру қымбат. Сондықтан оны майнинг фермалары пайдаланғаны тиімді. Себебі, ол жерде өндірілетін энергияның көлемі көп. Оны тұтынуға сол маңайдағы шағын қалалар мен ауылдардан сұраныс көп емес.
Жаңа біз ілеспе газдың көп бөлігі жерге қайта айдалатынын айттық. Оның жылдық көлемі 30 млрд текше метрдей. Факельде жағылып жатқан газдан 100 есе көп. Бірақ оның көбі тиімді жұмсалатыны айтылады. Жер қабаттарының қысымын ұстап тұру үшін қолданылады екен.
Бірақ жерге айдалған газды қалаған кезіңде қайта шығару мүмкін емес. Сондықтан оның керек бөлігін ұстап қалып, одан энергия өндірген дұрыс, – дейді мамандар. Жалпы, ілеспе газды майнинг өндірісіне жұмсау әлемнің бірнеше елінде бар. АҚШ пен Канадада осылай жұмыс істеп тұрған фермалар жеткілікті. Аргентина, БАӘ, Оман және Кувейтте де сондай жобалар қолға алынып жатыр. Ал, Ресейде кәдімгі табиғи газды пайдаланып отырған майнинг фермалары бар.
Өйткені, майнинг фермаларына көп энергия керек. Мысалы, 5-6 жыл бұрын елде энергия дефициті болғанын білесіздер. Сол кезде майнинг фермалары энергияны заңсыз пайдаланғаны анықталған.
2022 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі 50-ден астам майнинг фермасын жапты. Олардың арасында кәсіпкерлер Болат Назарбаев, Александр Клебановтың үлесі бар фермалар болды. Сондай-ақ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның Ақтөбе облысындағы бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен Қарағанды облысындағы бизнесмен Ерлан Нығматуллинге тиесілі фермалар бары хабарланды.
Содан соң елде майнинг фермаларын лицензиялау басталды. Қазір Қазақстанда 76 лицензияланған майнер мен 5 аккредиттелген майнинг пулы бар. Бірақ олардың бәрі тұрақты жұмыс істеп тұрған жоқ, – дейді мамандар. Себебі, олар электр энергиясының әр квт-ы үшін қосымша салық төлейді.
Ғиззат Байтұрсынов, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
Ол «цифрлық майнингтер» салығы деп аталады. квт электр энергия қолданғанға 2 теңге қазіргі уақытта налог төлейді.
Осының нәтижесінде майнерлерден салықтық түсімдер көбейген. Мысалы, 2023 жылы 9 млрд теңге болса, 2024 жылы 9,9, 2025 жылы 22,4 млрд теңге түскен.
Яғни, майнерлерден бюджетке пайда бар. Сондықтан оларға ілеспе газды пайдалануға беру маңызды болып отыр.
Мысалы, басында айтқан 300 млн текше метр газды электр энергиясына айналдырып қанша биткойн өндіруге болады? Бұл газдың сапасына, генератордың тиімділігіне байланысты. Ең жақсы құрылғымен жабдықталған фермалар жыл бойы 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істесе, теориялық есеппен жылына 800-дей биткойн өндіруі мүмкін.
Бұл да аз емес. Мемлекеттің майнерлерге биткойн өндіруге мүмкіндік жасағысы келіп отырған бір себебі майнингтен салық қана емес, стратегиялық крипторезервке цифрлық актив жинауды көздеп отыр. Оларға электр энергиясына кеткен шығындарды шегергеннен кейінгі табысының 10 пайызын мемлекеттің криптовалюталық резервіне беру талабы қойылмақ.
Ал Қазақстанда ілеспе газ жеткілікті. Энергетика министрлігінің дерегінше, елде жалпы 3,8 триллион текше метр газ қоры бар. Соның 60 пайызы, яғни, 2,2 трлн-ы ілеспе газ. Оның көп бөлігі Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орнында.
Осы материалды әзірлеу кезінде мынадай қызықты жобалар да көрдім. Нидерландыда майнинг фермасынан бөлінген жылу қызғалдық өсіретін жылыжайды жылытуға жұмсалады екен. Ал Финляндияда тіпті майнинг фермалары шағын қалаларды жылумен қамтып отыр. Ең қызығы, Финляндиядағы сондай жобалардың бірін Қазақстаннан көшіп кеткен майнерлер жасап отыр, – дейді Blockchain және цифрлық майнинг қауымдастығының президенті Данияр Мубараков.
Дамыған елдер осындай жобалар жасап жатса, Қазақстанда ілеспе газды кәдеге жарату неге мүмкін емес? Әйтпесе, кейде босқа жанып жатқан ілеспе газды өшіру мәселесі де болып тұрады. Мысалы, былтыр Атырау облысындағы «Ембімұнайгазда» ілеспе газ атқылап, өрт шықты. Екі тәуліктен кейін сөндірілді. Ал 2023 жылы Маңғыстау облысындағы «Қаратұрын Оңтүстік» кен орнында ілеспе газ жарты жылдай жанып жатты. Соңында резонансқа ұласып, әрең өшірілген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы