19 млрд доллар: Қазақстан мен Корея қандай келісімдерге қол қойды?
Келіссөздер жемісті болды. Бұл сапардың ерекшелігі уағдаластықтардың дені тек саудаға емес, Қазақстанда нақты өндіріс құруға бағытталған. Жалпы құны шамамен 19 миллиард доллар болатын 80 коммерциялық келісімге қол қойылды. Енді ең ірілеріне тоқтала кетсем. Автомобиль өнеркәсібінде Қазақстан Кореядан дайын машинаны әкелумен шектелгісі келмейді. Әлемдік автоөндірістің алпауыттары Hyundai мен Kia қазір елімізде көліктерін құрастырып жатыр. Енді сол көлікке қажетті бөлшектердің біразы елімізде шығарылмақ. Алматыда автокөлік кілемдері, дыбыс бәсеңдеткіш, сымдар будасы мен орындықтар шығару жөнінде келісім жасалды. Бұдан бөлек, Hyundai Қазақстанда электромобиль өндірісін қолға алмақ. Сонымен қатар Hyundai мен Astana Motors арасында жаңа Tucson моделін Қазақстанда шығару жөнінде келісім жасалды.
Кореялық компаниялар жаңадан салынатын Alatau City қаласына да үлкен қызығушылық танытты. Мәселен, әлем бойынша 40-қа жуық қонақ үйі бар Lotte компаниясы жаңа шаһарда әлемдік деңгейдегі қонақ үй кешенін салмақ. Оның құны 200 млн доллардан асады. Сонымен қатар Алатауда Кореяның жетекші зерттеу университеті, инженерлік-технологиялық білім беру саласындағы әлемдегі басты орталықтардың бірі – KAIST университетінің филиалы ашылады. Оған арнайы жаңадан оқу ғимараты салынбақ. Сарапшылар Кореяның экономикалық табысын осы оқу ордасымен байланыстырады. Себебі Самсунг секілді техноалыптардың өнімдері ең әуелі осы университеттің зертханаларынан шыққан. Сонымен қатар Alatau City-де Кореяның «ақылды қала» тәжірибесін тұтас экожүйе ретінде қолдану көзделген.
Сонымен бірге корей тарапы елімізде салынып жатқан ірі дата-орталықтарға қызығушылық танытып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Деректер өңдеу орталықтарының алқабы» энергия ресурстарына бай Павлодар облысында орналасады. Жоба бір гигаватқа дейін қуатты қамтамасыз етеді. Кейін оның ауқымын тағы да кеңейтуге болады. Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру. Бұл жоспар Кореяның технологиялық компаниялары үшін бірегей мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің қосылған құн тізбегіндегі барлық кезеңінде пайдасын көргіміз келеді. Сондықтан Қазақстан микроэлектроника және жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар мен компоненттердің сенімді жеткізушісі бола алады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Сирек металдар бойынша да Оңтүстік Корея еліміздің ең басты серіктестерінің бірі болатын секілді. Корея стратегиялық санатқа енгізген 10 минералдың барлығы Қазақстанда бар. Бірақ еліміз кенді қазып, тек шикізат күйінде сатқысы келмейді. Геологиялық барлаудан бастап терең өңдеуге, ары қарай аккумулятор, электроника, жартылай өткізгіш пен басқа да күрделі өнімдерге дейінгі толық өндірістік тізбек құруды көздеп отыр. Осы бағытта бірлескен қазақ-корей компаниясын құру ұсынылды. Сонымен қатар Алматыда Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының қолдауымен зерттеу орталығын құру туралы келісім жасалды. Ынтымақтастықтың тағы бір ірі бағыты – мұнай-газ саласы. Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуатын 9 млн-ға дейін арттыру жоспарланған. Жобаны «ҚазМұнайГаз» бен Samsung бірлесіп жүзеге асырмақ. Ал Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауыты салынады. Жоба құны 6 миллиард доллар.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:
QazaqGaz Hyundai Engineering-пен газ өңдеу зауытын салатын болады. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталады. Толыққанды 2030 жылына дейін қосатын боламыз. Инвестициялық құны 6 миллиард доллар.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, екі елдің министрлері келісімге қол қойды. Қазақстан Кореяның EPS жүйесіне қосылып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, енді қазақстандықтар Кореяға бейресми делдалдар арқылы емес, екі мемлекеттің ресми жүйесімен барып жұмыс істей алады. Жұмыс берушімен еңбек шарты жасалады, адамның еңбек құқығы да заңмен қорғалады. Бағдарлама бойынша E-9 визасы беріледі. Оның бастапқы мерзімі үш жылға дейін, кейін төрт жыл он айға дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Жұмыс орындары негізінен өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және қызмет көрсету салалары. Бірақ бір нәрсені нақты айту керек. Бұл қызмет ертеңнен бастап жұмыс істеп кетпейді. 2028 жылдан басталады деп жоспарланған. Оған дейін Алматыда арнайы EPS орталығы ашылады, корей тілінен тест енгізіледі, үміткерлер алдын ала даярлықтан өтеді. Қазақстанға берілетін нақты квота да бағдарлама толық іске қосылған соң анықталады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, екі елдің достығын дәріптеп жүрген бес азамат осындай марапатқа ие болды. Солардың арасында ғалым Сон Ён Хунның есімі ерекше аталды. Ол Хангук шет тілдері университетінің профессоры. Орталық Азияны зерттеу институтын басқарады. Ғалым Қазақстан мен Орталық Азияны ұзақ жылдан бері зерттеп келеді. Қазақ тілі мен мәдениетін корей қоғамына кеңінен таныстырып жүр. Сон Ён Хун қазақ тілін 1999 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенде меңгере бастаған. Негізгі мамандығы тарихшы. Кейін Қазақстанның әлеуметтік және саяси тарихын терең зерттеп, 2010 жылы осы бағытта кандидаттық диссертация қорғаған. Бүгінде профессордың екі жүзге жуық шәкірті қазақ тілінде сөйлей алады. Олардың көбі Қазақстан мен Кореяның компанияларында және мемлекеттік мекемелерінде еңбек етіп жүр.
Сон Ён Хун, Хангук шет тілдері университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры:
Мен 20 жылдан бері қазақ тілін оқытып, Қазақстанды Корея халқына кеңінен танытуға және екі елдің достық пен өзара түсіністігін нығайтуға өз үлесімді қосуға тырысып келемін.
Бұл саммиттің өзі тарихи тұрғыдан маңызды. «Орталық Азия – Корея» диалогы бұған дейін министрлер мен сарапшылар деңгейінде ұйымдастырылған. Енді ол алғаш рет мемлекет басшылары деңгейіне көтерілді. Президент Тоқаевтың ұсыныстарын бір формуламен түйіндеуге болады. Кореядан технология. Орталық Азиядан ресурс, нарық және өндірістік алаң. Осы ретте Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіптік және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды. Бұл бастама ірі ортақ жобаларды бір жүйеге біріктіруді көздейді. Тағы бір маңызды бағыт – логистика. Еліміз Кореяның экспорттық әлеуетін Орта дәлізбен байланыстыруға мүдделі. Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Соңғы алты жылда Орта дәліздегі тасымал көлемі бес есе өсті. Енді бұл бағытқа корей бизнесі де қосылуы мүмкін. Пусан порты мен Каспийдегі Қазақстан порттарының әріптестігі де осы тізбектің бір бөлігі болмақ. Сонымен қатар Президент Тоқаев корей компанияларын инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға шақырды. Қазақстан инвесторларға жағдай жасауға да әзір. Мәселен, елімізде ұзақ мерзім тұруды жеңілдететін «Altyn Visa» бағдарламасы қабылданған. Айта кетейін, Оңтүстік Корея 2024 жылы Орталық Азияға арналған тұңғыш жеке сыртқы саяси стратегиясын жариялаған. Оның өзегінде технология, цифрландыру, энергетика, сирек минералдар, көлік және адами капитал салаларындағы ықпалдастық қамтылған. Демек тараптардың мүдделері тоғысып отыр.
Жандар Асан, саясаттанушы:
Осындай үлкен алпауыт елдердің аймаққа байланысты даму стратегияларын қабылдауы, біріншіден, әрине, Орталық Азияда шикізат көздері, сирек кездесетін метал қорына өте бай. Бұл өз кезегінде түрлі чиптер өндірісіне және ұялы байланыс құралдарын жасауда үлкен маңызға ие. Екіншіден, Орталық Азияның адами әлеуеті өте жоғары. Сондықтан да тек жердің астындағы байлықпен емес, адами ресурстың да маңызы үлкен.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, корей өнерлі жұрт. Білім-ғылым, технологияны жақсы меңгергені сонша, әлемде ілгері мемлекет саналады. Үйренетін дүние өте көп.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы