Басты Жаңалықтар «Ақтөбе — Қарабұтақ — Ұлғайсын» тас жолының бір бөлігі қолданысқа берілді

«Ақтөбе — Қарабұтақ — Ұлғайсын» тас жолының бір бөлігі қолданысқа берілді

«Ақтөбе — Қарабұтақ — Ұлғайсын»  автожолының 28 шақырымдық бірінші кезеңінде қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Төрт жолақты, бірінші санатты жолдың ашылу салтанатына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Бұл ауқымды жобаның құрылысы толығымен 2029-ыншы жылға дейін аяқталуы тиіс.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Республика күні қарсаңында ашылған бұл жолды өңір жұртшылығы асыға күтті. Бұл жермен тәулігіне 16 мың көлік өтсе, 262 шақырымдық магистраль толық пайдалануға берілгеннен кейін мүмкіндігі екі есеге артады. Бұл жүргізушілер мен жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін ғана емес, жүк тасымалы үшін де аса маңызды жоба.

Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталды. Әсіресе, сапаға ерекше мән берілді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары алдымен жолшылармен кездесті. Мамандар жол  құрылысына қолданылып жатқан соңғы әдіс-тәсілдермен бөлісті. Одан соң жол ресми түрде ашылып, көлік қозғалысына рұқсат берілді.

Айбол Данағұл, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» облыстық филиалының директоры:

Екінші участогі, 28 шақырымды аяқтап, тапсырып жатырмыз. Қалған алты участогінде келесі жылы және одан кейінгі жылыжұмыстарды атқарып, тапсырмға сәйкес 28-інші жылы толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Республикалық маңыздағы «Самара-Шымкент» тас жолының бұл бөлігі талай жылдан бері жүргізушілерді титықтатып келген еді. Дегенмен, екі жыл бұрын ауқымды жоба қолға алынып, төрт жолақты жол салына бастады. Оның бір бағыты қайта жаңғыртылса, екіншісі толығымен жаңадан салынып жатыр.

Сондай-ақ, облыс аумағы арқылы «Орталық-Батыс» дәлізінің «Астана-Ырғыз» учаскесі және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолының бір бөлігі өтеді. Бұл ауқымды жобалар алдағы үш жыл ішінде толықтай аяқталуы тиіс.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Осы жолдың өзінің, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі, бұрын ізі болған. Реконструкция жұмыстары жүрді. Ал, енді Сексеуіл мен Бейнеудің арасында салынып жатқан жол бұл айдаладан, құмның арасынан, мүлдем жаңа жол салынып жатыр, Мемлекет басшысының қолдауымен. Ұзындығы 800 шақырымға жуық.

Ақтөбе қаласы мен Ұлғайсын ауылына дейінгі аралыққа екі көпір, жолайрықтар мен 44 су өткізу құбыры салынады. Қазір мыңға жуық техника мен жүздеген маман жұмыс істеп жатыр.

Бөлісу