Басты Жаңалықтар Құландар мекенінде фестиваль өтті

Құландар мекенінде фестиваль өтті

Жетісу облысындағы Алтынемел ұлттық паркінде табиғат пен туризмді тоғыстырған фестиваль өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған «Құландар мекені» шарасына мыңнан астам қонақ келді. Олардың арасында шетелдік туристер де бар. Саяхатшылар ұлттық мәдениетпен танысып, Қызыл кітапқа енген жануарларды тамашалады.

Алтынемелдің сайын даласында еркін шапқан құландар үйірі – фестивальдің басты көркі. Жарты ғасыр бұрын небәрі 30 бас болған жануарлар бүгінде 3,5 мыңға жетіп, туристердің қызығушылығын арттырды. Табиғаттың осы бірегей байлығын тамашалауға келген қонақтар қатары да жыл сайын артып келеді.

Джорж Купер, Ұлыбритания азаматы:

Қазақстанға бұған дейін де келгенмін. Елдің табиғаты мен ұлттық мәдениеті ерекше, халқы өте мейірбан. Әлеуметтік желідегі бейнежазбаларым арқылы Қазақстанды өзгелерге де танытқым келеді.

1930 жылдары Қазақстанда жойылып кеткен құландар араға жылдар салып, туған даласына қайта оралды. Түрікменстаннан әкелген жануарлар әуелі Барсакелмеске, кейін Алтынемелге жерсіндірілген. Бүгінде ұлттық парк Орталық Азиядағы құландар ең көп шоғырланған мекеннің бірі. Енді олар еліміздің өзге өңірлеріне де жіберіліп, таралу аймағы кеңейіп келеді.

Қуат Байтұрбаев, «Алтынемел» МҰТП паркінің директоры:

Қостанайға 60 бас, биыл 30 бас жібердік, 90 бас уже Қостанайға кетіп жатыр. 130 бас Іле-Балқашқа жіберіп жатырмыз. Жерсініп уже ол жақта ұрпақтарын беріп жатыр.

Табиғи аймақ одан бөлек қарақұйрық, барыс, аю, бүркіт сынды сирек жануарларымен және қайталанбас ландшафтымен ерекшеленеді. Мұнда желмен әуезді үн шығаратын Айқайқұмды, жанартаудан түзілген Қатутауды көруге болады.

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне туристер тек қана жануарлар дүниесін ғана емес, тарихи-мәдени нысандарды да тамашалауға келеді. Мен қазір Таңбалы тас петроглифтер алқабындамын. Мұндағы жартастарда қола дәуір мен ерте ортағасыр аралығындағы 100-ден астам бейнені көруге болады. Әсіресе арқарлар мен тауешкілердің кескіні көп.

Айта кетейік, былтыр ұлттық паркке 32 мың турист келген. Оның 11 мыңы – шетелдік қонақтар. Мамандар мұны Алтынемелдің халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығының артуымен байланыстырады.

Бөлісу