Басты Жаңалықтар Республика күніне орай ауқымды марафон басталды

Республика күніне орай ауқымды марафон басталды

Ақмола облысының Жақсы ауданында Республика күніне орай «Қазақстанның гүлденуі – ауылдан басталады» атты кең ауқымды марафон бастау алды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шалғай елдімекендерді аралап, арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды.

Республика күні қарсаңында Ешім ауылының орталығына ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, мерекелік думан аймақтағы мәдени өмірді қайта түлетті. Бұл күні ұлттық салт-дәстүріміз де ұлықталды. Ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашса, бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан ырымдап, енді ғана тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсауын кесті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі мен қолданбалы қолөнер туындаларының көрмесі өтті. Ал арқан тартыс, асық ату мен аударыспақ сияқты ұлттық ойындар мейрамның көрігін қыздырды.

Дина Жоламан, бокстан Әлем чемпионы:

Ауыл мерекесінде Әмина қызымыздың тұсауын кестім. Жарқын мақтанышымыз болады деп ойлаймын. Әрқашан өз ұлтымыздың салт-дәстүрін ұмытпай, осылай жаңғырта берейік.

Ардақ Смағұлқызы, Ешім ауылының тұрғыны:

Ақ жаулықты апаларымыз кимешек киіп, қыз-келіншектер қазақтың ұлттық киімін киіп, жеті қазынамызды көрсетіп, артымыздан еріп келе жатқан кішкентай бүлдіршіндерімізге жастарғаымызға үлкен өнеге болып жатыр. Той өте керемет жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз өте мәзбіз.

Бөлісу