Басты Жаңалықтар Ақын Серік Құсанбаевтың шығармашылық кеші өтті

Ақын Серік Құсанбаевтың шығармашылық кеші өтті

«Дариға-ай, дәурен!». Өскеменде осындай атаумен айтыстың ақтаңгері Серік Құсанбаевтың шығармашылық кеші өтті. Жыр кешінде ақынның терме-толғаулары орындалып, өлеңдері оқылды. Ал өзімен  үзеңгілес  және кейінгі буын айтыс ақындары сөз барымтасына түсті.

Кеш шымылдығы ақынның өмірі мен өнер жолынан хабар беретін деректі фильммен басталып, әдеби-сазды бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде дәстүрлі ән шырқалып, күй күмбірледі, Ақын өлеңдері оқылды. «Дар алдындағы сөз» балладасынан көпшілікке қойылым көрсетілді. Аламан айтыстарда 15 рет бас жүлде алған ақтангерге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сый-сыяпат көрсетті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сіздің шығармашылық жолыңыз туған жерге деген перзенттік сүйіспеншіліктің, ұлттық құндылықтарға адалдықпен елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісі. Алдағы уақытта да, қаламыңыз қарымды, ойыңыз ұшқыр, шабытыңыз шалқар болсын.

Жыр кешінде Серік Құсанбаевтың үзеңгілес достары мен шәкірттері айтысты. Ақынның «Байғыз», «Жырлаумен өткен жиырма жыл», «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние», «Байбура ашуы» секілді кітаптары оқырманға жол тартып, көптің көңілінен шыққан.

Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын:

Секеңнің талай әндерін тыңдағанбыз. Күйшілігін жақында ғана білдім, домбырада қалай шебер ойнайды. Термені қалай ғажап айтады. Сондықтан Секең бұрынғы тілмен айтқанда салсері, бүгінгі тілмен айтқанда бесаспап ақын ғой. Ағамызға амандық тілейміз. Зейнет жасы құтты жас болсын.

Серік Құсанбаев – айтыс аламанында ешкімге ұқсамайтын өзінің өрнегі мен соқпақты сүрлеуін салған ақын. Халықтың ықыласына бөленіп, «Айтыстың солақай серісі» атанған. Кейінгі жылдары журналистика саласында да қарымды қаламгер ретінде танылып, қазақ руханиятының дамуына сүбелі үлес қосты.

Бөлісу