Басты Жаңалықтар Елордалық цирк маңайы абаттандырылды

Елордалық цирк маңайы абаттандырылды

Елордалық цирктің айналасы жаңарып, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған жайлы демалыс кеңістігіне айналды. Аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары толық аяқталып, бүгін саябақтың ашылу салтанаты өтті.

Аумақтың әрбір бөлшегі тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін ескере отырып жасалған. Жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріліп, демалыс орындары мен автотұрақтар жаңартылды. Сонымен қатар жайлы орындықтар орнатылып, қала тұрғындарының серуендеп, тынығуына қолайлы жағдай жасалды.

Ұнатқан Асқар, Астана тұрғыны:

Тамаша! Балалар келіп ойнауға, адамдар келіп демалуға ерекше әсер береді. Керемет өзгерістер болды. Керемет жасалған. Айтар сөз жоқ, тамаша!

Ортада мен мұндалап тұрған субұрқақ та жаңа кейіпке енген. Ол жаздың аптап ыстығында тұрғындар жиі жиналатын көрікті орындардың біріне айналады деген үміт бар. Кешкі уақытта аумақ ерекше ажарлана түседі. Өйткені заманауи жарық бағандары айналаға сәуле шашып, көрік береді. Көгалдандыру жұмыстары да ұмыт қалмаған. Жас ағаштар, бұталар мен көпжылдық гүлдер отырғызылып, жасыл желек көлемі ұлғайтылды. Өсімдіктердің жайқалып өсуі және ұзақ уақыт бойы көркін жоғалтпауы үшін арнайы суару жүйесі де қарастырылған.

Айболат Жаудыр, мемлекеттік елордалық цирктің директоры:

Жаз бойы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – Астана қаласы тұрғындары мен біздің көрермендеріміздің талап-тілектері болатын. Соған құлақ асып, осындай керемет қуаныш сыйлап жатқан Астана қаласының әкімдігіне және осы жұмыстардың барлығын күні-түні жаңбырға қарамай жүргізген бүкіл құрылысшы жігіттерге мың алғыс айтамыз.

«Нұра» ауданы әкімдігі аумақты абаттандыру арқылы тұрғындар үшін қауіпсіз, экологиялық таза әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруды мақсат еткен. Мұнда әрбір адам отбасымен бірге демалып, серуендеп немесе цирктегі қойылымнан кейін бой жазып, ой сергіте алады.

Бөлісу