Жамбылдық зейнеткер құс өсіріп, табыс тауып отыр
Жамбыл облысы, Жуалы ауданында қорасындағы қырық шақты қаз-үйрегін мың басқа жеткізген зейнеткер тұрады. 60 жастағы Айнагүл Ахмадбекова үй құстарының жұмыртқасын Канада, Чехия және Башқұртстаннан алдырады. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 17 млн теңге несие алып, құс шаруашылығы кооперативін құрған қарияның кәсібімен Данияр Әлімқұл танысып келді.
- Жандарым құстарым менің, еркелетсем ғана ет алады бұлар. Қане гүл-гүл-гүл.
Жасы 60-ты алқымдаған Айнагүл Ахмадбекова құстарына осылай жылы сөйлеп барып, жем шашады. Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны кәсібін он жыл бұрын 40 шақты қаз, үйрек пен түйетауықтан бастаған. Ал бір жарым жыл бұрын 1,2 гектар жер алып, құс шаруашылығы кооперативін құрады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Мына жерде қазір 1 мың бас құс бар. Барлығы ет бағытына дайын. Мысалы мына үйректер 3 айда ет алған болса, қаздарға 5 ай болған. Түйетауықтар да жарты жылда союға жарайды.
Ал биыл маусымда кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5%-бен 17 млн теңге несие алған. Бес жылға берілген берешектің бірінші жылы төлем жасамайды. Ары қарай алты ай сайын 2 млн теңге төлейді. Қаржының жартысына жабдықтар алса, қалғанын құс жұмыртқасына жұмсаған. Бүгінде айына 1 тонна ет алып, оны Астана, Алматы мен Түркістан облысына жібереді.
Айнагүл Ахмадбекова, кооператив жетекшісі:
Канададан түйетауық жұмыртқасын алдыртамыз, Чехиядан бройлердікі, Башқұртстаннан үйрек пен қаз. Наурыз айында жұмыртқаны қоямыз, 4 ай балапан шығарамыз. Августан бастап 5 ай ет союмен айналысамыз. Негізі ең тиімдісі сол ет бағыты. Айналымға тез түседі. 2 500 тауықтың еті, 4 300 үйректікі, 4 500 қаз, 5 мың теңге түйетауық.
Ал жәрмеңкеде 20% пайыз төмен сатады. Сондай-ақ зейнеткер құс өсіруден бөлек осы кәсіппен айналысқы келетіндерді өз үйінде 3 ай оқытады. Жылына 15 адамға кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Оларға 90 мың теңге шәкіртақы төлеп, сертификат береді.
Салтанат Манабаева, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны:
Бұл жерде біз тек қауырсын жұлуды қамтымаймыз, оқимыз, әр құстың өзінің витаминдері бар, өзінің жанағы салатын дәрі-дәрмектері бар, беретін жемі бар, оған араластыратын витаминдері бар, соларды беріп, соларды үйрендік. Құс шаруашылығын ары қарай кәсіп қылып айналдырғым келеді.
Жалпы аймақта былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 566 жобаға 5 млрд теңге бөлінді. Ал биылға 7 млрд теңге қаржы қаралған.
Айман Ақынбекова, «Ауыл аманаты» жобасының өңірлік үйлестірушісі:
Мінекей қараңыздаршы «Ауыл аманаты» жобасының қандай тиімділігі, ауыл тұрғындарына өте қолайлы. Егер де басқа банктерге баратын болса, ол жерде кепілдікке өте қатал талаптар бар. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында кепілдікке сәл жұмсақ қарайды. Кез-келген үйді кепілдікке алады және кепілдіктің бағалық құнының 70%-ын береді. Мысалға ауыл тұрғынының үй 10 млн-ға бағаланса, демек 7 млн несие алуға мүмкіндік бар.
Мәселен мал көбейту мақсатында 1 қойға 100 мың, сиырға 600 мың, ет бағытындағы бұқа басына 500 мың теңге беріледі. Айта кетейік, несиенің 40%-ы малға, 20%-ы өңдеуге, қалған 40%-ы ауыл шаруашылығы емес бағыты бойынша беріледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы