Басты Жаңалықтар Бельгиялықтар қазақ моделі А.Елшіннің мұрасымен танысты

Бельгиялықтар қазақ моделі А.Елшіннің мұрасымен танысты

Аты аңызға айналған француз дизайнері Кристиан Диордың музасы, жоғары сән тарихындағы тұңғыш азиялық модель Алла Елшіннің туғанына 100 жыл. Осыған орай Бельгиядағы «Qazaq roots», яғни «тамыры қазақ» деп аталатын қазақ мәдени орталығы көпшілікке Алла Елшіннің мұрасын таныстыру кешін өткізді. Шараға қазақ сәнгерінің есімін жаңғыртқан Франциядағы қандасымыз Берлин Иришев пен Алла Елшіннің ұлы Марк арнайы қатысты. Мәртебелі қонақтар сән әлемін тәнті еткен тұлға жайлы тың деректер айтты.

Алла Елшін 1940-1960 жылдары әйгілі француз дизайнерлері Кристиан Диор, Ив Сен-Лоранмен бірге жұмыс істеп, әлемдік подуимда талғампаздықтың жаңа стандартын қалыптастырған тұлға. Ерекше сұлулық иесі бес тілде еркін сөйлеп, фортепианода ойнаған. Шығыстың хас аруын жаһан жұрты қытайлық модель деп санады. Оның қазақ қызы екенін дәлелдеп, жарияға жар салған Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының Президенті Берлин Иришев. Қандасымыз жиналғандарға Алла Елшіннің мұрасы жайлы жазған кітаптары мен деректі фильмді таныстырды. 

Берлин Иришев, Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының президенті, А.Елшіннің мұрасын зерттеуші:

Диордың елшісі боп саналды. Қазақ қызы  дүниежүзілік подиумға шыққан. Сондықтан бұл біздің елдің рухани мұрасы. Сондай ақылды адам болған. 

Алла Елшіннің ұлы Марк кешке арнайы қатысып, анасының есімін жаңғыртқандарға алғысын жаудырды. Асылдың сынығы өшпес естеліктер айтты.

Марк де Дюльмен, Алла Елшіннің ұлы:

Кристиан Диор, басқа да сән әлемінің әйгілі өкілдері айтқандай, анам өте қайсар мінезді, ашық, айналасына шуағын шашып жүретін көпшіл адам еді. Анамның қазақ екенін білгеннен бері менің мінезімнің де сол кісіге ұқсағанын байқадым. Қазақстанға баруым керек деп жүргеніме алты жыл болды. Енді биыл Көктөбеде Анамның құрметіне ескерткіш ашылатын болса, арнайы сапарлаймын.

Жоғары сән тарихында ерекше із қалдырған Алла Елшіннің құрметіне қазақстандық дизайнер Жұлдыз Темір бас киім топтамасын ұсынды. Диор дәуірінен шабыт алған сән көрсетілімі көпшілікті тәнті етті. Әнші Дана Сағынбайдың орындауындағы «Алла» әні де көптің ыстық ықыласына бөленді.

Паула Силва, Гент қаласының тұрғыны:

Аңыз адам Алла жайлы бүгін көп мәліметке қанықтым. Сән әлемінде, басқа да салаларда жетістікке жетіп, өз елін, ұлттық киімін, мәдениетін әлемге таныту үлкен мақтаныш. Осыған куә болғаныма қуаныштымын.

Мерейтойлық кешке қазақстандық студенттер мен бельгиялықтар асырап алған қазақ балалары да қатысып, ұлттық ән мен күйден шашу шашты. «Qazaq roots» қазақ мәдени орталығы еуропалықтарға қазақтың бай мәдени мұрасын таныстыруды әрі қарай да жалғастыра бермек.

Бөлісу