Жаңа технологиялар Қазақстан статистикасын қалай өзгертуде?
8 қарашада Қазақстанда Статистика саласы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Биыл салаға 106 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде статистика қағаз есептіліктен цифрлық платформалар мен жасанды интеллект технологияларын қолдану кезеңіне дейін дамыды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде бастапқы статистикалық деректердің 97%-ы электронды форматта түседі. Ал кәсіпорындар мен ұйымдарға түсетін есептілік жүктемесі 30%-ға қысқарған. Сонымен қатар «Е-Статистика» жүйесі жаңғыртылып, респонденттерге арналған кабинет пен «Талдау» платформасының жаңа нұсқасы іске қосылды.
Статистикалық деректерді өңдеуде жасанды интеллекті де қолданыла бастады. Мәселен, AI Taldau көмекшісі пайдаланушыларға қажетті ақпаратты қарапайым тілде сұрау арқылы табуға, көрсеткіштерді салыстыруға және графиктер құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұтыну бағаларын есептеу кезінде фискалдық чектер, ал туризм саласында мобильді позициялау деректері пайдаланылады.
Бюроның негізгі мақсаты – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеуді жеделдету, деректердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және бизнеске түсетін есептілік жүктемесін азайту.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы