Қарағанды облысында 2 мыңға жуық адам экологиялық акцияға қатысты
7 қарашада Қарағанды облысының Молодежный кентінде «Бірлік – Таза Қазақстан үшін» экологиялық акциясы өтті. Шараға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, волонтерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы 2 мыңға жуық адам елді мекенді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысты.
Акцияға Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Бірлік» қоғамдық тобының төрағасы Иван Георгиади, сондай-ақ республикалық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Экологиялық шара барысында Молодежный кентінің бірнеше аумағына 500 түп ірі көшет отырғызылды. Ұйымдастырушылар жаңа аллеяларды қалыптастырумен қатар, ағаштардың жергілікті климатқа бейімделуіне де назар аударды. Көшеттердің жақсы тамыр жаюы үшін алдағы уақытта оларды тұрақты күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылды. Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өткен болатын. Бастаманың негізгі мақсаты – тазалықты бір реттік акция деңгейінде қалдырмай, азаматтардың күнделікті өмір салтына айналдыру.
Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобы түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдерін біріктіреді. Оның қызметі этносаралық келісімді нығайтуға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және өңірлердің дамуына үлес қосуға бағытталған. Молодежный кентіндегі акция да әртүрлі этнос өкілдерін ортақ іске жұмылдырды.
«Бірлік» қоғамдық тобының төрағасы Иван Георгиади мұндай шаралардың қоғам үшін маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, елді мекендерді көркейту, жасыл желекті көбейту және табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Ол экологиялық акцияларды тұрақты түрде өткізіп, келер ұрпаққа таза әрі қолайлы орта қалдыру қажеттігіне тоқталды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ақбаржон Исмаилов та бастаманың еліміздің барлық өңірінде қолдау тауып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, осындай бірлескен жұмыстар азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, қоғамдық жауапкершілік пен өзара ынтымақтастықты нығайтады.
Акцияны ұйымдастыруға Иван Георгиади басқаратын «Евразия Инвест LTD» ЖШС қолдау көрсетті. Компания өкілдері алдағы уақытта да экологиялық бастамаларға қажетті көшеттерді жеткізуге дайын екенін білдірді.
Сапар аясында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Қарағанды облысының агроөнеркәсіп саласындағы жобаларымен танысты. Олар сүт-тауар фермасы мен кәсіпорынның көшет шаруашылығын аралап, өндірістік жұмыстардың барысын көрді.
Іс-шара қорытындысында «Бірлік» қоғамдық тобының мүшелері акцияны жылына екі рет ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар бұл тәжірибені еліміздің өзге өңірлеріне таратып, жергілікті этномәдени бірлестіктерді экологиялық жобаларға кеңінен тарту мәселесі көтерілді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалардың тұрақты өткізілуі қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы