Басты Жаңалықтар Президент: 5 жылда спортты дамытуға ₸616 млрд бөлінді

Президент: 5 жылда спортты дамытуға ₸616 млрд бөлінді

Қазақстанда соңғы бес жылда спортты дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты. Былтыр заңға өзгерістер енгізіліп, басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Мемлекет басшысы Жапонияда өткен қос додада қазақстандық спортшылардың жоғары нәтиже көрсеткенін атап өтті. Президенттің айтуынша, әр жеңістің артында жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбек бар. Спортшылардың жетістігі жас ұрпаққа үлгі болып, биік мақсаттарға ұмтылуға жігер береді. Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың елдің халықаралық беделін арттырып, қоғамдық дипломатия құралына айналғанын айтты. Қазақстан жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізіп, әлемдік спорттағы орнын нығайтып келеді. 2027 жылы елімізде бокс, дзюдо, таеквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары ұйымдастырылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш.

Бөлісу