Басты Жаңалықтар Шілде айынан бастап елімізде автомобильді онлайн тіркеу қызметі басталады

Шілде айынан бастап елімізде автомобильді онлайн тіркеу қызметі басталады

Осы жұмадан бастап  елімізде автомобильді тіркеу кезінде оның шанағындағы нөмірінің сәйкестігін тексеру жойылады. Енді сатып алу және сату кезінде арнайы орталыққа көлікті апарудың қажеті жоқ. Автожүргізушілер бұл өзгерту  шетелден ұрланған көліктердің елімізге заңсыз жолмен ағылуына түрткі бола ма деп алаңдап отыр.

Қайрат Батырбекұлы соңғы 4 жылда 7 көлік ауыстырған. Бүгін тағы да құжат реттеуге келді. «Сатып алу және сату кезінде  уақытты ең көп алатын осы агрегатты салыстыру пункті», - дейді. Енді уақытты үнемдеу мүмкін болғанымен, заңсыз әкелінген көліктер көбейе ме, деген де күдігі бар.

Қайрат Батырбекұлы, автожүргізуші:

- Енді бұл заңның да қабылданғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұл жаққа келіп тексермей, тез ХҚКО-на барып шешетіндей. Ал, былай қарасақ ұрланған машиналар да көбеюі мүмкін. Ол жағында қарастырып қою керек.

Ішкі істер министрлігі бұл тексеріс арқылы анықталған заң бұзушылықтардың саны өте аз екенін айтады.  Мәселен, биыл 3 айда 351 көліктің агрегат нөмірі жалған екені анықталған. Ал, айына еліміз бойынша 400 мыңға жуық көлік тіркеуге тұрады. Сол үшін бүкіл жүйенің жұмысын баяулатудың қажеті жоқ деген пікірде.

Юрий Козлов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мемлекеттік автоинспекция басқарма басшысының орынбасары:

- Бұл - нарық.  Мұндай жайттың болмасына ешкім кепіл бере алмайды. Сондықтан да әрбір азамат көлік сатып аларда абай болғаны жөн. Егер қажет деп тапқан жағдайда аккредиттелген жеке зертханалар бар. Ал, агрегат нөмірі ауыстырылған көліктер анықталса, онда олар мемлекет меншігіне алынады. Заң бойынша ондай көліктердің елімізде жүруіне болмайды.

Айта кетейік, ел аумағына сырттан кіргізілетін көліктер бұрынғыдай тексерістен өтеді. Ал, автомобильдің құжаты мен шанағындағы нөмірдің сәйкестігін жолдағы полицейлер жүргізушіні тоқтатқан кезде тексере алады. Бұдан бөлек, жүргізушілерге қызмет көрсету бағытында тағы бірнеше өзгеріс бар.

Мұрат Жұманбай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының  қоғаммен байланыс департаментінің директоры:

- Азаматтарымыз өзінің жүргізуші куәлігін ауыстыратын кезде, яғни, мерзімінің бітуіне байланысты ауыстыратын кезде бұрынғыдай арнайы медициналық комиссиядан өтпейді. Себебі, бұл жерде ол төтенше ауыстыру болып саналмайды. Ол куәлікті жаңадан алмайды. Яғни, медициналық тексеру де жойылатын болады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ал, шілде айынан бастап елімізде автомобильді онлайн тіркеу қызметі басталады. Оны «Egov» порталы арқылы пайдалануға болады. Яғни, сатып алушы мен сатушы өздерінің электрондық қолтаңбасы арқылы  әрекеттерін растайды. Смарт келісімшарт жүзеге асқаннан кейін бұл ақпарат бірден мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп түседі.  Ал,  құжат пен нөмір дайын болғаннан кейін пошта арқылы бірден үйіңізге жіберіледі.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу