Қазан қаласында барлық діндердің ғибадатханасы бар
Бұл нысан - Ислам, христиан, иудаизм, буддизм сынды 10-нан аса әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің басын қосады. Алайда бұл мінәжат үйінде ешбір діни жоралғы, құдайға құлшылық жасалмайды. Ендеше, не себепті бір орталыққа бірнеше діни конфессияның біріктірілгенін Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы зерттеп көрді.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Бір көрген адам Қазан шаһарының шетіндегі бұл ғимараттың не екенін түсінбеуі мүмкін. Жергілікті жұрт бұл жерді барлық діндердің ғибадатханасы деп атайды. Себебі ғимаратқа анықтап қарасаңыз, бұл жерде мұсылман мешітінің, иудей синагогасының және православ шіркеуінің, бұдан өзге де діндердің мұнаралары қатар тұр.
Түрлі дінге арналған, түрлі-түсті мұнаралар. Бір қарасаңыз, ертегідегі үйлерге ұқсайды. Ерекше ғимаратта 16 діни конфессияның басы қосылған. Жобаның авторы суретші, сәулетші - Ильдар Ханов. Ол 2013 жылы қайтыс болған соң, ағасының ісін оның інісі Ильгиз Ханов жалғастырып жатыр. Басты идея - дін көп, ал жаратқан жалғыз дегенге саяды.
Ильгиз Ханов, Барлық діндер ғибадатханасының иесі:
- Кейбіреулер мұны сандырақ деп айтатын шығар. Бірақ, меніңше, адам баласы бір құдайға ғана табынатын заман келеді. Сол кезде діни қақтығыстар тоқтап, әлемде бейбітшілік орнайды. Халық осыны түсінсін деп бұл ғимаратты салдық.
Ғимаратта негізінен Ислам, христиан, буддизм және Мысырдағы көне дінге арналған бірнеше зал бар. Бір ерекшелігі, мұнда Құдайға құлшылық жасалмайды. Қысқасы, бұл нысан ғибадатханадан гөрі, мұражайға көбірек ұқсайды.
Фарид Хайруллин, жобаның үйлестірушісі:
- Бұл ғибадатхана Татарстан бойынша Қазан Кремлінен соң, жұрттар ең көп қызығатын орын саналады. Себебі мұндай орталықты әлемнің өзге жерінен таппайсыз. Балиде буддизмнің, Голландияда протестанттық діннің бірнеше бағытына арналған ортақ шіркеулер бар. Ал, дәл осындай барлық діндерді біріктіретін ғимарат әлемде жалғыз.
Орталықтың құрылысын ағайынды Хановтар 1993 жылы өз қаржысымен бастаған. Қазір кейбір жұрт там-тұмдап көмектеседі. Сол себепті әлемдік ғибадатхана әлі толық салынып біткен жоқ. Алда әлі біраз діни конфессияға арналған бөлмелер пайда болады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы