Трамп 14 елге баж салығын енгізуді ұсынды
АҚШ президенті Дональд Трамп жаһандық саудадағы текетіресті қайта күшейтті. Ақ үй бірқатар сауда серіктесіне жаңа баж салығын енгізуді ұсынды. 20 пайыз көлеміндегі ең ірі тарифті Қытай тауарларына салуды көздеп отыр. Мақұлданса, жаңа баж салығы 2027 жылғы қаңтарда күшіне енуі мүмкін.
Аралық сайлауда Республикалық партияның жеңілісіне қарамастан, президент Дональд Трамп протекционистік саясатынан бас тартқысы жоқ. АҚШ әкімшілігі 14 сауда серіктесіне жаңа тариф енгізуді ұсынып отыр. Мұны өндірістік қуаттың шамадан тыс артуымен түсіндіреді.
Джейкоб Функ Киркегаард, сараптама орталығының қызметкері:
Ол назарды тағы кедендік баж салығына аударып отыр. Аралық сайлау нәтижелерін талқылап көрсек, бұл мен үшін таңқаларлық жайт. Сайлаушылар таңдау жасау арқылы өмір сүру құнының қымбаттығы мен кедендік баж салығы арасында айқын саяси байланыс бар екенін көрсетті. Тарифтер халық арасында мүлдем қолдау таппай отыр.
АҚШ-тың тарифтік қысымы Еуропалық Одақ елдері Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам тәрізді елдерге қатысты болуы мүмкін. Ең жоғары 20 пайыз көлеміндегі тариф Қытайға салынбақ. Вашингтон Бейжіңді әлем нарығына болат, электромобильдер мен күн энергетикасына арналған жабдықтарды қоса алғанда арзан өнімін көптеп шығарды деп айыптайды. Бейжің бұл уәждерді жоққа шығарып, сауда соғысына қарсы екенін жеткізді.
Го Цзякунь, Қытай СІМ ресми өкілі:
Тарифтік және сауда соғыстары тараптардың ешқайсының мүдделеріне сай келмейді. Мұндай мәселелерді теңдік, өзара құрмет қағидаларын негізге ала отырып кеңесу арқылы шешу қажет. Артық өндірістік қуат деген – жалған тезис.
Тарифтердің нақты мөлшері бұған дейін жасалған сауда келісімдерін ескере отырып белгіленеді. Бұл көрсеткіш Еуропалық Одақ, Жапония, Оңтүстік Корея мен Тайвань үшін 15 пайыз көлемінде сақталуы ықтимал. Яғни кейбір елдер үшін өзгеріс болмайды. Мақұлданса, жаңа тарифтер келесі жылдың қаңтарында күшіне енеді.
Джейкоб Функ Киркегаард, сараптама орталығының қызметкері:
Федералды резерв жүйесі алдағы айларда пайыздық мөлшерлемелерді көтеруге дайындалып жатыр. Америка Құрама Штаттары үшін әсіресе инфляциялық қысым күшейіп немесе сақталып тұрған тұста жаңа тарифтердің енгізілуі, сөзсіз, жаман жаңалық. Бұл тұтынушыларға тиімсіз. Олардың сатып алу қабілетін тікелей төмендетеді. Себебі бұл тарифтер АҚШ-тың барлық дерлік ірі сауда серіктестеріне қатысты қолданылып отыр. Демек баға да өседі.
Трамптың тариф туралы мәлімдемесі қаржы нарықтарын құбылтты. Сауда кедергілерінің қайта күшею қаупі инвесторлардың көңіл-күйіне ықпал етіп отыр. Технологиялық секторда өсім бәсеңдеп, MSCI әлемдік қор индексі 0,5 пайызға төмендеді.
Читайте также
Все