Главная Новости «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өтті

«Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өтті

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында Шымкент пен Түркістанда «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өтті. Жиынға шетелдік конституциялық соттардың өкілдері, ғалымдар мен БҰҰ сарапшылары қатысып, құқықтық мәдениет пен заң үстемдігін нығайту мәселелерін талқылады.

Халықаралық жиынның алғашқы кездесуі Шымкентте өтті. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ұйымдастырылған қонақ дәрісте конституциялық заңдылықтың мемлекеттілік пен қоғам дамуындағы рөлі талқыланды.

Ал симпозиумның негізгі отырысы Түркістанда жалғасты. Басқосуда ұлттық құндылықтар мен тарихи мұра, құқық философиясы және әлемдік тәжірибе негізінде қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері қаралды.

Ермек Әбдірасылов, ЕҰУ конституционализм және цифрлық құқық институтының директоры:

Мысалы әр елде қазір өзінің құқықтық жүйесі, өздерінің заңдары бар. Осыған қарамастан бәрін біріктіретін бір идея бар ма? Қандай идея? Ол – әділеттілік. Ол – заң мен тәртіп, бүкіл әлемде қазір осы мәселелер көтеріліп жатыр. Осы ерекшелік мемлекеттерді бір-бірінен ажыратпай, бір-біріне қосады. Өйткені осы құқықтық идеяның ішінде жатқан ол адамның құқығы, оның өмірі – ең маңызды құндылық болып саналады.

Заңның үстемдігі оның іс жүзінде орындалуымен өлшенеді. Ал бұл үшін биліктің өзі де заңға бағынуы тиіс. Германиядағы Оснабрюк университетінің профессоры Георг Геск осылай деді.

Георг Геск, Оснабрюк университетінің құқық профессоры /Германия/:

Адамзаттың болашағы үшін заңның үстемдігі қашанда маңызды. Қазір көпшілікті мына бір мәселе толғандырады. Тәртіп заң арқылы орындала ма, әлде билік арқылы жүзеге асады ма? Менің ойымша, тәртіп орнату үшін билік те осы заңға бағынуы керек. Сонда ғана заң салтанат құрған қоғам қалыптастыруға болады. Күштінің әлсізге үстемдігі болмайды деп ойлаймын.

Симпозиумда Конституцияның қоғам өміріндегі рөлі де сөз болды. Ата заң мемлекеттің құндылықтарын айқындаса, мәдениет олардың қоғамдық санада орнығуына ықпал етеді. Ал азаматтық жауапкершілік сол құндылықтарды нақты іспен дәлелдеуді талап етеді.

Эльвира Азимова, ҚР Конституциялық сот төрағасы:

Конституция үстемдігі заңнаманың сапасымен мемлекеттік институттардың тиімділігіне ғана емес, азаматтардың құқықтық санасына да тікелей байланысты. Сондықтан құқықтық мәдениеттер диалогы пленарлық мәнге ие. Ол заң ғылымын, философияны антропологияны, тарих пен өнерді бір арнаға тоғыстырады. Мұндай өзара байланыс конс-қ құқықтық санасына кеңейтуге және құқықтық қоғамдық құндылық ретінде құрметтеуге тың мүмкіндіктер ашады.

Жиында «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларының құқық пен мәдениетті ұштастырудағы рөлі де сөз болды. Сондай-ақ симпозиумның Түркістанның халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарын дамытуға ықпалы айтылды.

Поделиться