Қазақ ертектері француз, нидерланд тілінде жарық көрді
Қазақ жерінде туған аңыздар Бельгия оқырманына жол тартты. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің бастамасымен қазақ ертегілері мен аңыздары тұңғыш рет француз, нидерланд тілдерінде жарық көрді. «Ұлы дала аңыздары» жинағының тұсаукесері Брюссельдегі комикстер орталығында өтті. Еске салайық, кітаптың алғашқы данасы қазан айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бельгия королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған сапары кезінде Ұлы мәртебеліге табысталған еді.
«Ұлы дала аңыздары» жинағына қазақ фольклорының бес көрнекті туындысы енген. «Ер Төстік», «Айша бибі», «Естай мен Қорлан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және «Махамбет» бар. Әр шығарма комикс жанрында жаңаша безендіріліп, басылған. «Бір кітаптың ішінде тұтас бір халықтың тарихы, тағдыры мен рухани мұрасы тұнып тұр, дейді сиясы кеппеген туындымен танысқандар.
Изабель Дебеккер, Бельгияның комикстер орталығының бас директоры:
Кітаптың графикалық безендірілуі өте қызықты. Бастапқыда бұл комиксті бұрынғы дәстүрлі үлгідегі туынды шығар деп ойлап едім. Бірақ оның көркемдік стилі заманауи, суреттері керемет. Маған қатты ұнады.
Катрин Ван Рит, Бельгияның Өкілдер палатасының депутаты:
Ұлы Даланың аңыздары – қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан асыл мұрасы. Оларды қос тілге аударып, комикс жанры арқылы оқырманға таныстыру сәтті бастама. Себебі, Бельгия комикс өнерімен танымал ел.
Қазақ фольклорының жауһарын қазақшадан француз, нидерланд тіліне аударған Назгүл Балмұхан. Отыз жылдан астам уақыт Бельгияда тұратын жерлесіміз сотта машықтанған аудармашы боп жұмыс істейді.
Назгүл Балмұхан, Брюссель қаласының тұрғыны, аудармашы:
Осы оқиғаларды оқырмандарға екі тілде де түсінікті және әсерлі жеткізуге тырыстым. Қазақстан менің туған жерім. Сондықтан, осы оқиғалар арқылы Бельгия оқырмандарын қазақ мәдениетімен таныстыру мен үшін үлкен қуаныш.
Қолдарына бір-бір кітап ұстаған балақайлардың да қуанышында шек жоқ. Бельгияның комикстер орталығына және тұсаукесерге келгендерге су жаңа жинақ сыйға тартылды. Елші Роман Василенко көпшілікке Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы жайлы баяндады. «Ұлы дала аңыздары» Елшіліктің «Бельгиядағы қазақ кітапханасы» жобасының алғашқы басылымы. Дипломаттар алдағы уақытта қазақстандық авторлардың шығармаларын француз, нидерланд тіліне аударып, жыл сайын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
Читайте также
Все