Ресейде егін түсімі азайып, азық-түлік қымбаттады
Ресейде егін түсімі азайып, азық-түлік қымбаттады. Биыл кейбір өңірде ауа райының қолайсыздығы егін жинау науқанына кері әсер етті. Сібірде жазғы құрғақшылық байқалса, Еділ бойы мен Орал өңірінде жауын-шашынның шамадан тыс көп болуы шаруаларға қиындық туғызды.
Көрші елде жекелеген ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі төмендеді. Ал бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етіп отыр. Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы елде 140 миллион тоннаға жуық астық жиналған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға аз. Қараша айының ортасында картоп бір айда 21 пайызға, жуа 22 пайызға қымбаттаған.
Дмитрий Журавлев, экономист:
Азық-түлік өндірісіндегі шығынды қысқа мерзімде қалпына келтіру мүмкін емес. Кейбір саланы қайта жолға қойып, өндірісті жаңа жағдайға бейімдеу үшін бірнеше жыл қажет. Сондықтан балама жеткізілім арналары, соның ішінде параллель импорттың маңызы зор. Әрине бұл барлық мәселені шешпейді.
Өндіріс шығындарының артуы, жанармай тапшылығы да егін түсімінің азаюына сеп болған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына несие алу да қымбаттап отыр.
Владимир Евсеев, сарапшы:
Батыс елдерінің санкциялары Ресей экономикасына кері әсерін тигізуде. Бұл әрине барлық салада байқалады. Жалпы ішкі өнім кеміп, несие алу қиындады. Логистика бұзылғандықтан, шетелден шикізат жеткізу қиын.
Үкімет азық-түлік нарығын тұрақтандыру үшін отандық өндірушілерді қолдау, импорт көлемін реттеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау шараларын қолға алуда. Алайда сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар қысқа мерзімді нәтиже бергенімен, өндіріс шығындары азаймайынша, нарықтағы бағаны ұзақ уақыт тұрақты ұстау қиын.
Читайте также
Все