Сенаторлар федералдық үкімет жұмысын жандандыруға дауыс берді
АҚШ Сенаты федералдық үкімет жұмысын қайта жандандыруға дауыс берді. Соның нәтижесінде қаңтардың 30-на дейінгі бюджет мақұланданып, жүздеген мың адам жұмысқа оралайын деп жатыр. Құрама Штаттар мұндай жағдайды соңғы рет 2018-2019 жылдары бастан кешкен екен. Сол кезде Америка үкіметі 35 күнге жабылды. Әлемнің бірінші экономикасы осы жолғы дағдарыстан қалай шығып жатыр?
Қырық күн бойы АҚШ үкіметін
тұралатқан дау аяқталуға жақын. Дүйсенбіде Америка сенатында дауыс беру
процедурасы өтіп, ел тарихындағы ең ұзаққа созылған шатдаунды тоқтату туралы заңды
60 сенатор қолдады. Қарсылық білдіргендер – 40 адам. Енді бюджет жобасы
республикалықтар бақылауындағы төменгі палатаға жіберілуі керек. Оның спикері
Майк Джонсон айтқандай, қаржылық құжат сәрсенбі күні мақұлданып, президент қол қойғаннан
кейін толыққанды заңға айналады. Екі партия жасаған келісім Дональд Трамп көңілінен
шыққан тәрізді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Мен бұл келісімді орындауға дайынмын. Жақсы келісім. Себебі біз медициналық көмектен дәмесі бар түрмеден шыққандарға, бандаларға, есірткі саудагерлері мен тағы басқаларға бір жарым триллион доллар бөліп, денсаулық сақтау жүйесіне зиян келтірмейміз.
Шатдаунға, яғни, Құрама Штаттардың федералдық үкіметі қызметінің тоқтауына түрткі болған негізгі мәселеге келсек, оған Конгрестің жаңа бюджет заңын дер кезінде қабылдай алмауы себепші. Демократтар медициналық көмек бағдарламасына бөлінетін қаржыны қысқартуды құптамады. Республикалықтар болса, ақшаны мейлінше үнемдеу позициясын ұстанды. Осы дау салдарынан бюджет қазанның 1-не дейін қабылданбай, бір жарым миллиондай мемлекеттік қызметкер ақысыз демалысқа жіберілді немесе тегін жұмыс істеуге мәжбүр болды. Билік енді сол адамдарға өтемақы төлеуге міндетті.
Сьюзан Коллинз, Сенатор:
Президент мырза, күні-түні дамыл таппай еңбектенген әріптестеріміз бен қызметкерлерімізге осы сәтке жеткізгені үшін алғыс айтқым келеді. Үкімет жұмысын қайта жандандырады. Ал ақысыз демалысқа жіберілгендерді, жұмыстан босатылғандарды, тегін жұмыс істегендерді лайықты өтемақымен қамтамасыз етуге тиіспіз.
АҚШ үкіметі уақытша жабылғанда, ел әуежайларында 2800 авиациялық рейс доғарылып, 10 мыңнан астам сапар кейінге қалдырылды. Себебі жалақысыз қалған талай диспетчер мен өзге де қызметкерлер жұмысқа шықпады.
Және де айлық төленбегендіктен,
кейінгі қырық күнде тегін азық-түлік тарататын фуд-банктерге барушылар күрт көбейген.
Мысалы, Аризона, Батыс Феникс сияқты жерлерде мұндай орталықтардан көмек сұрағандар
саны 10-15 пайызға артып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы