Басты Жаңалықтар Пластикалық хирургия клиникаларына бақылау күшейеді

Пластикалық хирургия клиникаларына бақылау күшейеді

Мемлекет тарапынан пластикалық хирургия клиникаларына қойылатын талап пен бақылау күшеймек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Бүгінде Қазақстанда хирургиялық бағытта қызмет көрсететін 7033 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 295 клиника пластикалық хирургия қызметін ұсынады. Былтырмен салыстырғанда олардың саны 33-ке артқан. Яғни сұраныс жоғары. Ота жасатып, опық жемеу үшін нені ескерген жөн?  

Ресми мәлімет бойынша, отандық пластикалық хирургияда 5 жылда 4 адамның өлімі және 1 денсаулыққа ауыр зиян келтіру жағдайы тіркелген. Соңғы резонанстық жағдайлардан кейін мемлекет тарапынан пластикалық хирургия клиникаларына қойылатын талап пен бақылау күшеймек.
Бауыржан Жүсіпов, ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:
Қазіргі таңда бізде лицензияны беру уақыты шектеусіз. Бір лицензия берсе, сол лицензиямен өмір бойы шектеусіз жұмыс істей беру мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда біз сол мәселеге министрлік тарапынан заң жобасын дайындаудамыз. Осы лицензияны 5 жылға шектеу. Бұл енді  қаншама тәуекелдер пайда болғаннан кейін белгілі болды. Заңға осындай өзгерістерді енгізу бойынша жұмыс  жүргіземіз.
Дәрігерлердің айтуынша, пластикалық хирургия тек сұлулық үшін жасалмайды. Адамның денсаулығын қалпына келтіруге, туа біткен немесе жарақаттан кейінгі ақауларды түзетуге де көмектеседі. Бірақ кез келген ота қауіпті. Сондықтан пациенттің созылмалы аурулары мен қарсы көрсетілімдері болмауы керек.
Асылбек Ахметжанов, пластикалық хирург:
Операцияны жоспарлаған кезде жергілікті анестезия ма әлде жалпы анестезия ма соған байланысты екі түрлі тізім бар.  Анализ  тапсырады. Ал егер наркозға байланысты болатын болса, онда толық анализ және де қосалқы дәрігерлердің консультациясы, бір жерде есепте тұрса, сол дәрігерлерден анықтама керек. Анестизиолог дәрігерлер толық тексереді, оған ұнамай жатса, қосымша анализдерге жолдама береді. 
Мамандардың айтуынша, адам клиника таңдағанда, ең алдымен лицензиясын сұрауы тиіс. Сондай-ақ медицина мекемесі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті. Онда білікті мамандардан бөлек, шұғыл жағдайда  көмек көрсететін құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек қоры міндетті түрде болуы тиіс. Арнайы жасақталған операция бөлмесі мен операциядан кейін бақылау палатасы болуы да шарт.
Соңғы он жылда елімізде пластикалық отаға нақтырақ айтсақ, блефарпластика, липосакция, ринопластика секілді операцияларға сұраныс артқан. Көпшіліктің қызығушылығы әлеуметтік желідегі мінсіз бейне стандартына еліктегеннен туады, дейді психолог.
Ержан Мырзабаев, психолог:
Әлеуметтік желінің кеңінен таралуы осы нәрсеге триггер болып жатады. Өйткені бәріне фильтр жасалған, сыланған. Неге менің түрім ондай емес, бетім ондай емес деп әуестенеді. Бұл түбегейлі өз-өзіне көңіл толмаушылық. Бет келбеті арқылы, сыртқы көрініс арқылы өзін көрсету, дәлелдеу, қоғамда қандай да бір статусқа ие болуға тырысу.
Сұлулыққа ұмтылу – қалыпты құбылыс. Бірақ бір сәттік шешімнің салдары орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан тәуекел етерде  жеті рет өлшеп, бір кескен жөн,  дейді мамандар.


Бөлісу