Cарапшы: ЖИ сайлау науқандарының жаңа шындығына айналып келеді
Жасанды интеллект сайлау науқандарының жаңа құрамдас бөлігіне айналып, саяси контент өндіру тәсілдерін өзгертіп қана қоймай, сайлау үдерісіне деген сенімге қатысты жаңа тәуекелдерді де туындатып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматыда ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңында қоғам қайраткері Ерлан Смайлов мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктерінің бірі – саяси партиялардың генеративті жасанды интеллект құралдарын белсенді қолдануы. Бұл әсіресе медиаконтент өндіру саласында айқын байқалады. Өйткені жаңа технологиялар контент әзірлеуге кететін уақыт пен қаржылық шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
«Жасанды интеллект бүгінде жай ғана жаңа технология емес – ол мемлекеттік күн тәртібінің, қоғамдық пікірталастың және тікелей саяси бәсекенің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл үрдіс сайлауалды бағдарламалар деңгейінен-ақ байқалады», – деді Ерлан Смайлов.
Сарапшы ЖИ тақырыбы партиялардың теледебаттары барысында да көтеріліп жатқанын айтады. Мәселен, саяси партиялардың бірінің бағдарламасында кемінде 5 млн қазақстандықты жасанды интеллект құралдарын қолдануға оқыту және ЖИ негіздерін мектеп бағдарламасына енгізу міндеті қойылған. Бұл жаңа технологияларға деген көзқарастың біртіндеп саяси күн тәртібі мен партиялар арасындағы бәсекенің дербес элементіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
«Қазіргі сайлау науқаны жасанды интеллект бірден екі қырынан көрініс табатын алғашқы науқандардың бірі болуы мүмкін: бір жағынан, ол саяси уәделердің тақырыбына айналса, екінші жағынан, саяси күрестің технологиялық құралы ретінде қолданылуда. Сондықтан мәселе енді ЖИ-дің сайлауда қолданылу-қолданылмауында емес, технологиялық даму саяси ақпаратқа және жалпы сайлау үдерісіне деген сенімге нұқсан келтірмеуі үшін оны пайдаланудың қандай қағидалары мен ережелері қалыптасуы керектігінде», – деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда жасанды интеллектіні қолданудың заңнамалық және этикалық негіздері қалыптасқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл саяси және ақпараттық кеңістікте жаңа технологияларды ықтимал деструктивті мақсатта пайдалануды шектеуге мүмкіндік береді.
Ерлан Смайловтың пікірінше, технологиялардың қоғам өміріне кеңінен енуі қазіргі сайлау науқанын бұған дейінгі науқандардан түбегейлі ерекшелендіріп отыр. Жасанды интеллект саяси коммуникация құралдарын өзгертіп қана қоймай, партиялардың бағдарламаларының мазмұнына және ақпараттық тәуекелдердің сипатына да ықпал етуде. Бұл өз кезегінде отандық саяси технологиялардың дамуының жаңа кезеңін қалыптастыруда.
«Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы 13 тамызда Алматы қаласында өтті. Іс-шараны ҚР Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Талқылауға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысты. Онлайн форматта пікірталасқа Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылар қосылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы