Басты Жаңалықтар Ресейде бюджет тапшылығы 5 трлн рубльден асты

Ресейде бюджет тапшылығы 5 трлн рубльден асты

Ресей бюджетінің тапшылығы 5 триллион рубльден асты. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызына тең. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін тапшылық 7 триллион 345 миллиард рубльге жетуі мүмкін. Толығырақ тілші тарқатады.

2021 жылы Ресейдің федералдық бюджеті 524 миллиард рубль профицитпен аяқталған. Яғни мемлекет кірісі шығысынан көп болған. Ал 2022 жылы бюджет тапшылығы 3 триллион 295 миллиард рубльге жетті. Биыл жағдай одан да күрделенді. Алғашқы он айдағы тапшылық 5 триллион 234 миллиард рубль болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен үш есе көп. Бұған санкциялардың соңғы пакеті әсер еткен.

Камран Гасанов, саясаттанушы:

«Еуропалық Одақтың жаңа шектеулері енді теңіз тасымалы, энергетикалық жобалар және спорт саласын қамтып отыр. Әсіресе теңіз тасымалына қатысты санкциялар Ресей экономикасына елеулі әсер етуде. Жаңа санкциялардың экономикалық салдары ауыр, геосаяси тәуекелдерін де ескеру қажет».

Тапшылықтың басты себептері – мемлекеттік шығындардың өсуі мен мұнай-газ кірістерінің төмендеуі. Биылғы он айда бюджет шығыстары 13,4 пайызға артып, 38,4 триллион рубльге жеткен. Сонымен қатар мұнай-газдан түсетін кіріс азайған. Мұнай-газ саласына қатысы жоқ кірістер 19 пайызға өскенімен, бұл жалпы шығындарды өтеуге жеткіліксіз. Ұлттық компаниялардың бағалы қағаздары да арзандаған.

Наталья Суматова, сарапшы:

Сұраныс төмендеп, өндіріс көлемі қысқарса да, кәсіпорын жаңа жағдайға тез бейімделе алады. Ал егер компания мұндай өзгерістерге алдын ала дайын болмаса, оны дағдарыстан шығару әлдеқайда қиынға соғады. Өкінішке қарай, елдегі компаниялардың басым бөлігі дағдарысқа дайын болмай шықты.

Күрделі экономикалық жағдайда дұрыс стратегия қажет

Бюджет тапшылығын жабу үшін Ресей билігі салық түсімдерін арттырып, ішкі нарықтан қарыз алуды көздеп отыр. 2027 жылдан бастап тау-кен өндіруші компанияларға қосымша салық енгізу жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік облигациялар шығару арқылы қаржы тарту жалғасады. Алайда мұндай шаралар бюджетке түсетін салмақты толық жеңілдете алмайды, дейді мамандар. Мұның салдары экономикаға, бизнеске және халықтың тұрмысына әсер етуі мүмкін.

Бөлісу