«Басты дебат – 2026» өз мәресіне жетті
«Хабар» Агенттігіне қарасты «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде ел тарихындағы тұңғыш Құрылтай сайлауы қарсаңында саяси партия көшбасшыларының қорытынды теледебаты өтті. «Дамыған экономика – қуатты қоғам» тақырыбындағы іс-шара бұрын-соңды болмаған ауқымды деңгейде ұйымдастырылды.
Бұл жолы пікірсайыс алаңында саяси ұйымдардың өкілдері емес, еліміздегі жеті партияның көшбасшылары, яғни «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров және Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өзара саяси дебатқа түсті.
Дебат барысында тікелей трансляция арқылы елдің барлық аймағы қамтылды. Іс-шара басталмас бұрын эфирде жеті партияның сайлауалды штабтарынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Агенттіктің АҚШ, Қытай және БАӘ-дегі меншікті тілшілері Қазақстанның саяси өміріне бейжай қарамайтын азаматтардың қатысуымен телекөпір өткізді.
19:00-де арнайы превью-бағдарламамен басталған Басты дебат тек мазмұнымен емес, ұтымды режиссерлік шешімімен ерекшеленді. Бұл заманауи технологиялар, қызу пікірталас, халықаралық телекөпірлер және партия жақтастарының шынайы эмоциясын үндестірген ауқымды дискуссия алаңына айналды. Экранның ар жағында отырған көрерменнің де саяси додаға тікелей қатысуына мүмкіндік жасалды. Сайлаушылар толғандырған сұрақтарын QR-код арқылы партия көшбасшыларына жолдады. Сол арқылы ел азаматтарынан партия көшбасшыларының атына 59 мыңға жуық сауал келіп түсті.
Сайлаушылардың сұрақтары дебаттың үшінші раундында саяси партиялардың көшбасшыларына қойылды. Көрермен саяси доданы 24KZ телеарнасынан, сондай ақ арнаның YouTube, Telegram, TikTok, Facebook және Instagram желілеріндегі ресми аккаунттарынан онлайн режимде көрді.
Дебат барысында жеті саяси партияның көшбасшылары мемлекетті дамыту, экономикалық саясат, әлеуметтік сала және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстарын таныстырды. Ашық пікірталас саяси көзқарастарды салыстыруға, ортақ тұстарды анықтауға және мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша партиялардың ұстанымдарындағы түбегейлі айырмашылықтарды көруге мүмкіндік берді.
Жеребе бойынша бірінші болып сөз алған «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров халықтың әл-ауқатын арттыру мен әлеуметтік жағдайды жақсарту, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұсыныстарын айтты. «Baytaq» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев көрерменнің қазіргі таңда алдымен экологиялық туризмді не санаторий-курорттық орындарды дамытқан жөн бе? деген сұрағына экотуризм экономиканың локомотивіне айнала алатынын мәлімдеді. «Ақжол» партиясының төрағасы Дания Еспаева кез келген ұйымның негізгі мақсаты – еңбек еткен адамға жол ашып, ел байлығын халықтың игілігіне жұмсау екенін жеткізді. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партия Президенттің саяси бағытына тірек болатынына тоқталып, «әділет» принципі күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналуына тиіс екенін мәлімдеді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға қатысты сауалға жауап берген «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов партиянның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарды егжей-тегжейлі түсіндірді. ЖСДП партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов өз сөзінде халық жай ғана жұмыс істеп қоймай, соған лайықты табыс алуы маңызды екенін атап өтті. ҚХП партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов өз сөзінде экономикалық даму әр өңірдің өзіндік мамандануына негізделуі тиіс екенін алға тартты.
Дебаттың ең мазмұнды кезеңдерінің бірі – азаматтардың тікелей қойған сұрақтарына арналған раунд болды. Сұрақтар легі Қазақстан аумағынан ғана емес, шет мемлекеттерден де келіп түсті. Сонымен «Басты дебат – 2026» аяқталды. Жеті саяси партия өз бағдарламасын, дәлелдері мен елді дамытудың негізгі тетіктерін ортаға салды. Дебат ашық саяси диалог алаңына айналып, сайлаушыларға партиялардың ұстанымын тыңдауға және олардың ұсыныстарын өзара салыстыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы