Мемлекет басшысы Теміртауға жұмыс бабымен барды
Мемлекет басшысы Теміртаудағы
қайта қалпына келтірілген трамвай кәсіпорнының жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт
Тоқаев трамвайға мініп, Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп
өтті. Кезінде тоқтап қалған трамвайды Qarmet компаниясы осыдан екі жыл бұрын
іске қосқан еді. Содан бері қоғамдық көлік 1 миллионнан аса жолаушы
тасымалдаған. Жаңартылған көлік инфрақұрылымының сапасы көңіл толарлық. Шағын
қалада 30 шақырым трамвай жолы қалпына келтіріліп, ауыстырылды, жаңадан
заманауи 8 көлік сатып алынды. Мемлекет басшысы сом темір балқыту өндірісінің
негізі саналатын Qarmet конвертер цехының жұмысымен де танысты. Жалпы
кәсіпорында биылғы жылы 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9
миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру жоспарланған. Компания жұмысты
бастағалы кәсіпорынға 2,7 млрд. теңге инвестиция құйған. Нәтижесінде өндірістік қуаты ұлғайып, жаңа өнеркәсіптік
нысандар салынды, шығарылатын өнім түрлері көбейді. Экологиялық талаптарға сай
болу үшін технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру жалғасып жатыр. Компанияда
35 мыңға жуық еңбеккер, соның ішінде 14 мыңнан астам жұмысшы Теміртаудағы
металлургия комбинатында жұмыс істейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы