Басты Жаңалықтар Алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті өтті

Алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті өтті

Кореяның ғылыми-техникалық әлеуетін Қазақстанның өндірістік мүмкіндігімен ұштастыру. Мемлекет басшысы екі ел әріптестігінің жаңа бағытын осылай айқындады. Президент Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашып, өнімді үшінші елдердің нарығына шығаруды ұсынды. Маңызды мәлімдеме Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия Корея Республикасы» саммитінде айтылды. Орталық Азияға қазір алыптардың назары ауып отыр. Былтыр аймақ елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 550 миллиард долларға жуықтады. Экономикалық өсім 6 пайыздан асты. Орталық Азия мен Корея арасындағы сауда алғаш рет 10 миллиард доллардан асқан. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Осы ретте Президент кореялық компанияларды елімізде қосылған құны жоғары өндіріс орындарын ашуға шақырды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Орталық Азия бестігі бүгін түгел Корея астанасында бас қосты. Тиімділігін көрсеткен форматта елдер бірлесіп ірі елдермен ортақ мәселелерді ортаға салып келеді. Мемлекет басшысы Таңғы шық елін жетекші технологиялық державалардың бірі деп атады. Қазақстан бұл мемлекетпен тығыз әріптестік орнатқан. Корея еліміздің ірі он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Мыңнан астам корей компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Еліміз әріптестікті күшейтуге ниетті. Мемлекет басшысы Қазақстан кореялық компанияларға қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтты. Инвесторлардың елімізде ұзақ мерзім тұруын жеңілдететін «Altyn Visa» бағдарламасы қабылданған. Әрине алыс-беріске ең әуелі кәсіпкерлер белсенділігі серпін береді. Президенттер оңаша кездесуден кейін бизнес-саммитке қатысып, жаңа өндіріс пен инвестициялық жобалар мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы екі ел әріптестігінің жаңа үлгісін ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда-экономикалық байланыстың нығаюы және көлік саласындағы ықпалдастықтың кеңеюі аймақты инвестициялық тұрғыдан тартымды ете түседі. Осы артықшылықтарды Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру өзара тиімді әрі перспективті ынтымақтастыққа жол ашады. «Ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ресурс біріктіру» формуласына сай күш жұмылдырсақ, сан қырлы серіктестігімізді мүлдем жаңа әрі сапалы деңгейге шығара аламыз деп ойлаймын. Қазақстан осы маңызды міндетті еңсеру үшін өз әлеуетін толық пайдалануға дайын.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президент сапары аясында жалпы құны 19 миллиард долларға жуық 80-ге тарта коммерциялық келісімге қол қойылды. Енді осы уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыру көзделіп отыр. Қазақстан мен Корея 20272030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын әзірлейді. Мемлекет басшысы бірлескен жобалардың негізгі бағыттарының бірі ретінде өнеркәсіп саласын атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Былтыр елімізде 170 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өсті. Оған Hyundai мен Kia зауыттары үлкен үлес қосты. Мұның бәрі локализацияны арттыруға, қосылған құны жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған жұмыстың берік негізі. Локализация үдерісін мұқият бақылап отырмын. Әрине, бұл бір күннің шаруасы емес. Дегенмен алға қарай қадам баса бергеніміз жөн.

Президент кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырды

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Көлік-логистика байланысын кеңейтуді басым бағыттардың бірі. Жаһандық жеткізу тізбегі өзгерген тұста Шығыс пен Батыстың арасындағы Орталық Азияның транзиттік рөлі артып келеді. Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарына ерекше мән беріліп отыр. Соңғы алты жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе өсті. Президент Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруды ұсынды. Пусан порты мен Каспийдегі Қазақстан порттары арасындағы әріптестік осы бағыттағы ынтымақтастықтың бір бөлігі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл істе Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Оның басым бөлігі Қазақстан аумағымен өтеді. Бүгінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалдың 85 пайызға жуығы аталған бағдарға тиесілі. Өткен жылы Орта дәліз бойымен контейнерлік тасымал көлемі 36 пайызға көбейді. Биылғы 8 айда 18 пайыз шамасында айтарлықтай өсім көрсетті. Алдағы екі жылда бағдардың өткізу қабілетін 6 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Корей компаниялары осы бағыт бойындағы инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге атсалыса алады. Қазақстан Үкіметі корей серіктестерімізге арналған инвестициялық жобалар портфелін жасақтауда.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Тағы бір маңызды бағыт - сирек минералдар саласындағы серіктестік. Корея стратегиялық санатқа енгізген 10 минералдың барлығы Қазақстанда бар. Осы сапар аясында Алматыда Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының қолдауымен зерттеу орталығын құру туралы уағдаластық жасалды. Ендігі мақсат шикізатты өндірумен шектелмей, толық өндіріс циклін қалыптастыру. Яғни металды зерттеу, өндіру, терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі тізбекті жолға қою. Осы бағытта бірлескен қазақ-корей компаниясын құру ұсынылды. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар да ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде салалық министрлік құрылды, Alem.ai халықаралық орталығы ашылды, екі суперкомпьютер іске қосылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау осы саланың дамуына тың серпін берді. Бірқатар маңдайалды бастамаларды іске асырып жатырмыз. Олардың қатарында қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы да бар. Кадрлық және ғылыми әлеуетіміз де нығайып келеді. Еліміздегі алғашқы арнаулы университет Qazaq AI Research University маман даярлауға кірісті. Технологиялық серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынамыз.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президент энергетика саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды. Қазақстан Кореяның сутегі энергетикасындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Қазір осы бағытта бірнеше жоба пысықталуда. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысындағы «Жасыл энергетика кешені». Мемлекет басшысы таза сутегін өндіру және пайдалану бойынша пилоттық жобаларды іске асыруды ұсынды. Сонымен бірге «таза көмір» технологияларын енгізу және қолданыстағы генерацияны жаңғырту мәселесі де күн тәртібінде. Бұл жобаларға кореялық компаниялар шақырылды. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты ауыл шаруашылығы. Президент Қазақстанның жер ресурстары мен Кореяның агротехнологиялық тәжірибесін ұштастырып, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынды. Жоба өндірісті, терең өңдеуді және дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруды қамтиды. Жалпы айтқанда, Қазақстан корей компанияларына өндіріс ашып, жаңа технология енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мүмкіндік ұсынады. Мұндай жобалар тұтас Орталық Азия экономикасына серпін бермек. Демек, тиімді әріптестіктің жемісін қарапайым адамдар көреді деген сөз. Түптеп келгенде нақты нәтиже жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарымен көрініс табуы тиіс.
Бөлісу