Өскеменде жол айрығын қарқынды салып жатыр
Өскемен қаласының орталығында салынып жатқан жол айрығының бірінші бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бірнеше бағыттағы республикалық маңыздағы жол мен қаланың шеткі шағын аудандарын байланыстыратын бұл нысан ерекше логистикалық маңызға ие. Яғни ол пайдалануға берілген соң қаладағы көлік кептелісі азайып, қозғалыс жеңілдейді. Алты жолдың айрығы мен көпірдің мүйісіндегі алып құрылыстың қазіргі қарқынын тілшіміз Олжас Керейхан көріп келді.
Соңғы 10 жылда Өскеменнің шығысында бірнеше шағын аудан бой көтерді. Көпқабатты және жеке үйлер бірінен соң бірі салынып жатыр. Қазір тек Ертістің сол жағалауындағы тұрғынның саны 150 мыңға жетті. Соған сәйкес көлік те көп.
Бірнеше бағыттағы қозғалысқа арналған жол айрығының құрылысы былтыр басталды. Қазір қаладан Сәтбаев даңғылына шығатын үш жолақты жолдың үстіңгі бөлігінде құрылыс жүріп жатыр.
Асхат Мұратұлы, мердігер компания өкілі:
Мысалы, қазір бізде 4 кран бірдей істеп жатыр. Миксерлер жүр. Техника жетіп жатыр. Суық түскенше үлгереміз деп ойлаймын. Қазір күштің бәрін осыған жібердік. Күндіз-түні 2 ауысыммен істеп жатырмыз.
Істелетін жұмыс осы қарқынмен ілгерілей берсе, қарашаның қара суығы түскенше бір бағыт пайдалануға да берілуі мүмкін.
Олжас Керейхан, тілші:
Бұл жол айрығы тек Өскемен қаласы ғана емес, облыс, тіпті республика үшін де ерекше мыңызға ие. Мәселен, Астана, Павлодар Семей және Алматы, Талдықорғаннан келген көлік қаланың орталығына кірмей-ақ қажетті бағытына жол тартады. Бұл әсіресе ауыр жүк көліктеріне тиімді. Ең негізгісі алты жолдың айрығында таңертең-кешке қазіргідей кептеліс болмайды деген болжам бар.
Жол айрығын салуға республикалық бюджеттен 37 миллирадқа жуық теңге бөлінді. Бүгінге дейін жалпы құрылыстың 70 пайыздан астамы салынды.
Дәулет Маратбеков, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Қазір енді бұл құрылысты аяқтау керек, Сәтбаев даңғылын қазан айында тапсырылады. Барлық жоба 2027 жылы толығымен аяқталады. Стратегиялық маңызына тағы да тоқталсақ, оң жағалау мен сол жағалауды кедергісіз қосуға салынып жатыр.
Кедергінің көбі кептеліске байланысты. Қазір ресми санақ бойынша Өскеменде 130 мыңнан астам көлік бар. Ал қалаға келіп жұмыс істейтін аудан тұрғындары тағы бар. Сондықтан өскемендіктер жол айрығы тезірек пайдалануға берілуін күтіп жүр. Өйткені көпірдегі нөпір қазір халықтың уақытын ұрлап жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы