Басты Жаңалықтар Өнермен өрілген өмір

Өнермен өрілген өмір

Алматыда қазақ киносының жарық жұлдызы, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешеваның 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Тағылымды шара көрермен жадында «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесімен мәңгі сақталған актрисаның өнер жолына арналды. Кеш барысында актрисаның өмірі мен өнер жолы сөз болып, жиналғандар қазақ киносының алтын қорына енген туындының ұмытылмас сәттерін қайта еске алды. 

Небәрі 17 жасында жүздеген үміткердің арасынан суырылып шығып, Қыз Жібек рөліне таңдалуы – Меруерт Өтекешеваның өнердегі тағдырын айқындаған сәт. Режиссер Сұлтан Қожықовтың әйгілі фильмі жас актрисаның есімін елге танытып, үлкен өнерге жол ашты.

Меруерт Өтекешева, Қазақстанның Халық әртісі:

Бекежанды кім ойнаған? Ең мықты атақты Асанәлі Әшімов. Шегені кім ойнаған? Атақты Әнуар Молдабеков, Фарида Шәрипова, Ыдырыс Ноғайбаев, сол кезде мықты өнердің майталмандары.

«Қыз Жібек» фильмімен басталған шығармашылық жолын Меруерт Өтекешева театр сахнасында жалғастырып, сан түрлі бейнені шебер сомдады. Саналы ғұмырын өнерге арнаған аңыз тұлғаның мерейтойына көрермен көп жиналды.

Бекжан Тұрыс, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Әуезовтың сөзі бар ғой: «Қазақ әйелінің қасиеті қай елдігінде емес, әйелдігінде» десе, «Сол қазақ әйелі қандай болуы керек?» десе, мен Меруерт апаны айтатын едім. Меруерт апамызды осындай ұлықтап жатса, көзінің тірісінде осындай өнер адамдарына қошемет көрсетіліп жатса, бұл біздің ел үшін де, мәдениет үшін де үлкен дүние.

Меруерт Өтекешеваның өнердегі өнегелі жолы – ізденіс пен табандылықтың, кәсіби шеберлік пен шығармашылық адалдықтың жарқын көрінісі. Бұл кеш – бір ғана майталманның мерейтойын атап өту емес, тұтас бір дәуірдің рухани шежіресіне айналған сахна өнеріне құрмет көрсету.

Бөлісу