Басты Жаңалықтар БҚО ауыл кәсіпкерлері салық түсімін көбейтуде

БҚО ауыл кәсіпкерлері салық түсімін көбейтуде

Батыс Қазақстан облысы Қарауылтөбе ауылдық округінде жергілікті кәсіпкерлер өз бизнесін ауылға тіркеп, бюджеттің бүйірін толтырып отыр. Соның есебінен былтыр қазынаға 260 млн теңге салық түскен. Бұл қаражат ауылдың әлеуметтік мәселесін шешіп, ажарын айшықтауға үлкен қолдау болмақ. Бірлігі тас-түйін ауыл азаматтарымен әріптесім Ардақ Мұратқызы тілдесіп қайтты.

Қарауылтөбе ауылдық округінде 1300-ден астам адам тұрады. Ауылдың тумасы Дастан Ғиззатұлы қаладағы шағын кәсіпорнын ауылға тіркеп, салығын ауданға төлеп отыр. Кәсіпкер тоңазытылған ет өнімін өндіреді. Оны кен орындарына жеткізеді. Қарамағында 30 адам еңбек етеді.

Дастан Ихсанов, кәсіпкер:

Қосымша ашылған кәсіпорындар болды, осының барлығы қазіргі таңда Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округінде тіркелді. Кәсіпорын жұмысының нәтижесінде түскн салықтың есебінен біз ауданымыздың және ауылымыздың әлеуметтік мәселелерін шешуге, өркендеп-өсуіне өз үлесімізді қосқымыз келді.

Дастан сияқты өзге де ауыл азаматтары салығын жергілікті жерге төлеп отыр. Бірлігі бекем мекен демеушілер, түлектердің қолдауымен де көркейіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары сан түрлі көмекке 155 млн теңге жұмсалған. Ауылдағы ескі ғимаратты бейімдеп күрес залын ашып, толық жабдықтап, мемлекет меншігіне тапсырған. Жайқалған қос саябаққа техникалық су тартылған. Бірінде жеміс ағаштары өсіп тұр.

Ғиният Тайбағаров, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны:

Саябақты менің әкем ертеректе 64-жылдары бастап салды. Кейін 70-ші жылдары екті бер жағындағысын. Өсіп тұр осы жігіттердің арқасында су келгеннен кейін. Айналасын осы ауылдың азаматтары өздері қалтасынан ақша шығарып, қоршады. Қазір жақсы бәрі. Көркейіп тұр. Халық бар. Еңбектеніп жатыр. Қожалықтар шөбін шауып, малын бағып жатыр.

Қарауылтөбеден шыққан кәсіпкерлерден соңғы 4 жылда 1 млрд теңгеге жуық салық түскен. Бірақ төртінші деңгейлі бюджетті толтырып отырған округке бұл қаражат жете бермейді. Ауыл әкімі игі істі ілгерілету үшін түскен салықтан нақты қандай сома ауылға бөлінетінін ашық көрсетіп беретін заң тетігі болса деген ұсынысын айтты.

Жәнібек Абиров, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі:

2025 жылы 264 млн теңге салық түсті. Соңғы 4 жылды есептегенде, 981 млн теңге салық түсімі түскен. Бірақ бұл жерде заңды түрде бекітілген «мынадай сомасын сіздің ауылға береміз» деген түсінік жоқ. Бізге қаражат көлемін бекітіп берсе, біз одан сайын тағы кәсіпкерлерді тіркей берер едік. Мысалы «20 млн-ды міндетті түрде сіздің округке бөлеміз» дейтін болса, біз кәсіпкерлерге ашық айтып, олар да бізге тіркелуге ынталы болар еді.

Өйткені ауылдың ажарын айшықтауға әлі де қаражат керек. Ауыз су реттелсе, жол салынса, өзге де әлеуметтік ғимараттар ашылса, ауылдың бәсі биіктей түсер еді.

Бөлісу