Басты Жаңалықтар Тау кластері: Экономикалық әлеует артады

Тау кластері: Экономикалық әлеует артады

Алматыда тау туризмін дамыту үшін инфрақұрылым кеңейтілмек. Мәселен, «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттары аспалы жолдар арқылы байланысып, шаңғы трассаларының ұзындығы артады. Жоба толық жүзеге асса, Алматы таулары жыл бойы демалуға болатын ірі туристік орталыққа айналмақ. Бірыңғай тау кластеріне қосылатын курорттар күніне қанша қонақты қабылдай алмақ? Әйгерім Ердәулет жалғастырсын.

Алматыға келген туристтердің басым бөлігі Медеу мен Шымбұлаққа, Алма-Арасан, Қимасар, Бұтақты шатқалдарына және Үлкен Алматы көліне баратыны сөзсіз. Биыл қалаға 1,5 миллионнан астам адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал тауға өз бетінше шығатындар үшін қауіпсіздік пен қолайлы инфрақұрылым маңызды. Сол үшін де, «Серкебай» шыңы мен «Алма-Арасан» шатқалы сияқты көрікті жерлерге апаратын жолдар осылай абаттандырылып жатыр. Қараша айына қарай, Үлкен Алматы көліне дейінгі жолдың жұмысы толық аяқталмақ. Бағыттарға жол белгілері орнатылып, демалыс орындары жасалған.

Тау туризмін дамытудың тағы бір бағыты - «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын Кімасар, Бұтақты шатқалдары және «Pioneer» курорты арқылы аспалы жолдармен байланыстыру. Бұл туристердің бірнеше тау курортына кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.

Жоба аясында аспалы жолдар саны 16-дан 47-ге дейін, ал шаңғы трассаларының ұзындығы 41-ден 150 шақырымға дейін ұзартылады.

Мақпал Әбдіқадыр, Қалалық туризм бюросының бөлім басшысы:

Келушілер санының, туристердің санының артуы экономикаға қосатын үлестің де жоғарылауын көрсетеді. 2026 жылдан қаңтар- қыркүйек айының қорытындысы бойынша Алматы қаласының туристік саласынан түскен салықтық түсімдер 58,3  миллиард теңгені құрайды. Жалпы осы тау туризмін одан әрі дамыту мақсатында Алматыда тау кластерін дамыту жобасы іске асырылуда.

Алғашқы жаңа аспалы жолды осы жылдың соңына қарай іске қосу жоспарланған. Инфрақұрылымның негізгі бөлігін 2029 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр. Осылайша, тауда жазғы және қысқы демалыс түрлері қатар дамымақ. Нәтижесінде, тау курорттары тәулігіне 30 мың, ал жылына 10 миллионан астам қонақ қабылдай алады. 10 мың жұмыс орны ашылып, қала қазынасына жыл сайын 500 миллиард кіріс түседі деп күтілуде.

Бөлісу