Басты Жаңалықтар Жолаушылар пойызы интернетпен қамтылды

Жолаушылар пойызы интернетпен қамтылды

Енді пойызбен алыс сапарға жол жүріп-ақ, жақыныңызбен хат алмасып, қалаған сериалыңызды көре аласыз. Елімізде 51 бағыт бойынша қатынайтын жолаушылар пойыздары Starlink спутниктік интернетіне қосылды. «Қазақстан темір жолы» компаниясы жобаны ресми таныстырды. Көптен күткен интернеттің қандай қызметтері тегін болады? Аида Ахметбек тарқатсын.

Жоба 108 пойыз құрамындағы 1500-ден астам вагонды қамтиды. Жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушы пойызда интернет пен цифрлық қызметтерді пайдалана алады. Жауапты басқарма төрағасының сөзінше, компания бұл технологияны бірден енгізген жоқ. Спутниктік интернет алғаш рет 2024 жылы Өскемен және Алматы бағытындағы пойыздарда сынақтан өткен.

Әнуар Ахметжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Біз бұл жобаны үш жыл бұрын бастағанбыз. Пилоттық режимде бір жарым, екі жылдай тексеріп көрдік. Сараптау жұмыстарын өткіздік. Сондықтан нақты тұрақты байланыс болғаннан кейін осы жазда вагондарға орнату жұмыстарын бастадық. Жұмысты қыркүйек айында бітірдік.

Жолаушылар WhatsApp және Telegram арқылы мәтіндік хабарлама алмасуға қосымша ақы төлемейді. Ғаламторды кеңірек пайдаланғыңыз келсе, ақылы тарифтік пакетті қосуыңыз қажет. Алдағы бір айдың ішінде тарифтің нақты бағасы анықталады.

Ғани Тұрсынханов, «Транстелеком» АҚ жаңа жобалар жөніндегі басқарушы директоры:

Әзірше тегін, бірақ кейінірек 1 айдың ішінде бағаны қоямыз. Сұранысқа қарай, әрине жалғыз сұранысқа емес, халықтың қалтасы көтеріндей бағада тарифті бекітеміз деген ойдамын.

Теміржол вокзалындағы жолаушылар енді сапар бұрынғыдан да ыңғайлы дейді. Ұзақ жолға шықсақ та, жақындармен үнемі байланыста болу маңызды деп отыр.

Нұрзағи Әйіткешова, жолаушы:

Балалармен сөйлессең де, интернеттен кино көрсең де, уақыт өтеді. Бұрын пойызға кірсек, тып-тыныш отыратынбыз, танымайтын кісімен уақытың өтпей қояды.

Компания алдағы уақытта интернет арқылы жолаушыларға ұсынылатын қызмет түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мәселен, пойызда отырып тамаққа тапсырыс беру, вокзалға алдын ала такси шақыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Бөлісу