Басты Жаңалықтар Таразда сурдопедагог 25 жылдан бері ерекше балаларға білім береді

Таразда сурдопедагог 25 жылдан бері ерекше балаларға білім береді

Таразда өмірінің 25 жыл уақытын есту қабілеті бұзылған балаларға білім беруге арнаған ұстаз тұрады. Еңбек адамы жеткіншектердің сөйлеу қабілетін жетілдіріп, ым-ишара тілін үйретеді. Сондай-ақ ән айтқызу арқылы да дамытуға ден қойған. Сурдопедагог осындай ерекше еңбегі үшін Президент қолынан мемлекеттік марапат алды. Данияр Әлімқұл жалғастырады.

Ақмаржан күлкі, ақжарма тілек, риясыз алғыс. Бұл күні кеше Президент қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатын алған Наталья Каранда. Оны әріптестері осылай қошеметпен қарсы алды. Сурдопедагог 25 жыл бойы есту қабілеті бұзылған балалардың санасына білім сәулесін құйып келеді.

Наталья Каранда, Облыстық білім басқармасы «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының сурдопедагогы:

Балаларға білім беріп қана қоймай, оларды өмірге бейімдегім келеді. Жеткіншектермен үнемі сөйлесіп, тіл табысуға тырысамын. Өйткені мен олардың ойын тыңдап, жүрегіндегісін түсінгім келеді. Жұмысымды жақсы көретіндіктен, әрқашан күліп келемін, қуанып қайтамын. Балалардың талпынысынан шабыт алып, олардың жетістігін көргенде бақытқа бөленем.

Наталья ұстаз қандай маман иесі болатынын оқушы кезінен-ақ білген. Себебі балалық шақта есту қабілеті жоқ достарым көп болды дейді. Осылайша сурдоаударманың әліппесін аула алдынан үйренген. Сөйтіп өскенде ерекше өрендерді оқытамын деп өзіне мақсат қойған екен.

Диасхан Мырзабек, оқушы:

Мен Наталья ұстазымды қатты құрметтеймін, жақсы көремін. 4 жылдан бері сурдопедагогикадан сабақ беріп, көп нәрсе үйретті. Бізге оның қолдауы қанат бітіреді. Ұстазымның арқасында өзіме деген сенімім артып, белсенді бола бастадым. Бүгінде бассейнге барып, жүзуден жарыстарға қатысып жүрмін.

Ләззат Қыпшақбаева, Облыстық білім басқармасы «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының ұстазы:

Үлкен жүректі, төзімділік, балаларға деген ерекше сүйіспеншілік деген қасиеттер қажет. Ал менің әріптесіп Наталья Геннадийқызында осындай қасиеттер жеткілікті деп санаймын.

Бүгінде облыстық мектеп-интернатта бірнеше ауылдан келген 114 бала оқиды. Оларды қажетті мүмкіндікпен қамтып, қабілетін ашу үшін 100-ден аса мұғалім еңбек етеді.

Бөлісу