Түрікменстанмен байланыстыратын күре жол жөнделіп жатыр
Маңғыстау облысында Түрікменстанмен байланыстыратын күре жол жөнделіп жатыр. Ұзындығы 50 шақырым болатын трасса 90-жылдары салынған. Содан бері жолға күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жобаны келер жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жол пайдалануға берілген соң көрші елге қатынайтын көліктердің жүру уақыты екі есе қысқармақ.
«Жетібай-Жаңаөзен-Түрікменстан Республикасының шекарасы» автожолының 179-229 шақырымы аралығында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Былтыр жазда басталған құрылысқа 132 арнайы техника мен 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмылдырылған. Қазір 50 шақырым жолдағы жер жұмыстары аяқталып, қиыршықтас-құм қоспасы, геотекстиль және асфальтбетон төселген. Құрылысқа толықтай отандық материалдар қолданылып жатыр.
Наурызбек Нұрмағанбетов, мердігер компанияның жоба жетекшісі:
Қазір 47 километріне ірі түйіршікті асфальт салынып тұр. Қазір қалып тұрған 3 километрін осы қараша айының соңына дейін бітіреміз толықтай. Одан кейінгі 5 сантиметрлік үшінші қабаты ұсақ түйіршікті асфальтбетон. Жоба құрылысының жалпы 80-85 пайызы бітіп тұр.
Жолды жаңарту Қазақстанның Түрікменстан және Иран бағытындағы транзиттік әлеуетін арттырып, Кендірлі курорттық аймағының дамуына ықпал етеді. Жөндеу аяқталған соң жол жүру уақыты 6-8 сағаттан 2-2,5 сағатқа дейін қысқармақ. Сондай-ақ жол бойында жүргізушілер мен жолаушыларға арналған сервистік нысандар салынады.
Қарасай Абыханов «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының инженері:
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың шілде айынан бастап қарқынды жұмысты бастап кеттік. Жарықтандыру қаралған. Сондай-ақ жолдың сервистік эстакадалар қою қаралған. Әжетханалар қойылады. Қай жерлерде мал көп өтеді, сол жерлерге арнайы қоршау, мал өткелдерін орнатамыз.
Жол құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Жаңартылған трасса транзиттік жүктердің Ақтау және Құрық теңіз порттарына жылдам әрі қауіпсіз жетуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы