2033 жылға дейін 10 Амур жолбарысы жіберіледі
2033 жылға дейін барлығы 10 амур жолбарысы жіберіледі. Осылайша жетпіс жыл бұрын жойылып кеткен жыртқыштың Тұран түрі қазақ даласында қайта түлейді. Осыдан үш ай бұрын табиғат аясына алғаш Үміт атты жолбарыс жіберілген еді. Енді екінші аталық та тарихи мекені «Іле-Балқаш» резерватына босатылды. Мәдина Нағашыбай жалғайды.
Төрт жасар Амур атты жыртқыш Қазақстанға мамыр айында Ресейден жеткізілген. Жылдам жерсініп кетуі үшін бірнеше ай мамандардың бақылауында болды. Мінез құлқы, жағдайы әбден зерттелген соң еркіндікке жіберілді. Жалпы, Қазақстан – жолбарыстың жоғалған тұқымын түлетуге ұмтылған алғашқы ел. Жабайы аңның оралуы – тұтас экожүйенің қайта жаңғыруына жол ашады. Табиғи тепе-теңдікті сақтайды, флора-фаунаны түрлендіреді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Екі жолбарыстың арасында 20-25 км бар. Аталық жолбарыс оны табу керек. Жоспарымыз бойына 2033 жылға дейін 10 жолбарыс жіберіліп отырады. Өзімен өзі көбеюуі үшін шамамен 50 дана болуы керек.
Қазақстанда соңғы рет 1948 жылы мамандар Тұран жолбарысының ізін аңғарған. Ғалымдар оның Амур тұқымының генетикасымен ұқасатығы бар екенін айтады. Сондықтан жерсінуі де жеңіл. Ол үшін 2018 жылы тарихи мекені Іле мен Балқаш арасында шамамен 450 мың гектар жерге резерват құрылды. Кейін қорек етер жануарлары әкелінді. 119 құлан, 200 Бұқар бұғысы табиғатқа жіберілді. Қазір бұл жерді үш мыңнан аса жануар мекендейді. Ал жолбарыс жылына 60-қа жуық тұяқтыны қорек етеді.
Данияр Тұрғамбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
Бүкіл әлемде жолбарыс бар жер табиғат, ол ең біріншіден қалған аң-құстың, ол жерде аң-құсты қорғау саласының қалпында екенінін деңгейі. Сол үшін бүкіл халықаралық ұйымдар Қазақстан ол жерде жұмысты дұрыс қойып, бүкіл осы табиғатты қорғау мәселесін шешті деп қабылдайды.
Жергілікті жұрт мал-жанға шаба ма деп алаңдағаны рас. Алайда мамандар, жыртқыштың алдымен адамнан аулақ жүретінін айтады. Оған қоса, мойнында GPS орнатылған құрылғы бар. Тәулік бойы бақылауда. Егер аумақтан ауытқыса, яғни қауіпсіз жасыл аймақтан сары я қызыл аймаққа өтсе, тұрғындарға бірден смс хабарлама түседі. Мұндайда бірден әрекет ететін арнайы топ бар. Экологиялық жоба 35 жылда сәтті жүзеге асуы тиіс. Түпкі мақсат – экологиялық ахуалды оңалтып, алуан түрлі табиғаттың тұрақтылығын сақтау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы