Жерасты суларының әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді
Еліміздің жерасты су әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Бүгін Құрылтай депутаты Бота Елеусізова осы мәселені қаузап, депутаттық сауал жолдады. Қазақстандағы жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 миллион текше метрді құраса, нақты пайдаланылатын көлемі шамамен 1,5 миллион текше метр ғана. Бұл – бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы. Әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі жүйелі шешілмей келеді. Бұдан бөлек, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау мәселелері де өзекті. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында су ресурстарын толық әрі нақты есепке алуда цифрлық технологияларды кеңінен қолданудың маңызын атап өтті.
Бота Елеусізова, ҚР Құрылтайының депутаты:
Жерасты сулары мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруді, ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу мен оған бақылау енгізуді, жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізуді сұраймыз.
90 қаланың даму жоспарын қайта қарау қажет
Ал депутат Юлия Кучинская урбанизацияға қатысты проблемаларды көтерді. Ел тұрғындарының 64 пайыздан астамы қалаларда тұрады. Бірақ урбанизация үдерісі әр қалада әркелкі. Мысалы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бүкіл қала халқының 37 пайыздан астамы шоғырланған. Халықтың қалың нөпіріне қажетті нысандардың құрылыс қарқыны ілесе алмай жатыр. Оның үстіне ретсіз жүргізілген тұрғын үйлердің маңында мектеп, емханалардың жетіспеушілігі мәселелері тағы бар.
Юлия Кучинская, ҚР Құрылтайының депутаты:
Тұрғын үйлерді пайдалануға бермес бұрын әлеуметтік нысандармен қамтуды қадағалап, қала орталығына түсетін жүктемелерді азайту үшін жаңа мемлекеттік мекемелерді, аурухана, білім орталықтарын қаланың шетіне салу керек. Қаражатты ең алдымен, инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандары тапшы аудандарға бағыттау қажет. Сондай-ақ шағын және моноқалалардағы инфрақұрылымдардың тозуы мен жұмыс орындарының тапшылығы мәселесі назар аударатын жайт. Еліміздегі 90 қаланың жағдайын зерттеп, талдап, даму жоспарын қайта қарау қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы