Басты Жаңалықтар Жастар жолдауды талқылады

Жастар жолдауды талқылады

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен және креативті индустрия өкілдерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысының халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Цифрлық экономиканы жаңа деңгейге көтеру, кітап оқитын ұлт, халықтық құрылыс тақырыптары кеңінен айтылды. Министр білімді, ой-өрісі кең ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды. Одан бөлек жастарды қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Министрдің сөзінше, жыл сайын 30 жас азаматқа 3 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Жоба «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант аясында жүзеге асып жатыр.

Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Заман өзгеріп, тарихи тұрғыдан дүние өзгеріп жатқан тұста, қазақ мемлекеттігі өзінің өміршеңдігін сақтау үшін, алдыңғы қатарлы ел болу үшін, біз немен айналысуымыз керекпіз, мәдениетіміз қандай болу керек, біздің менталитетіміз, өмірге деген қандай болу керек деген сұраққа жауап беретін құжат деп қабылдадым бұл жолдауды.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Жас кәсіпкерлер, дизайнерлер, музыканттар, ғалымдар мен спортшылар министрге бірқатар ұсыныс айтты. Олардың қатарында ұлттық мәдениетті дамыту, отандық ақын-жазушылардың авторлық құқықтарын қорғау, қоғамдық құндылықтарды нығайту және кітап оқитын жастарды көбейтуге бағытталған бастамалар бар.

Жасұлан Бостанұлы, «Jastar Online» ақпараттық порталының негізін салушы:

Өзге елдермен тереземіз тең, бәсекеге қабілетті болуымыз үшін жастар арасындағы кітап оқитын мәдениет тұрақты түрде жүзеге асу керек.. Ең көп оқитын адамдарға қомақты сыйақы да бөлініп жатыр. 2-18 университеттер арасында, облыстық деңгейде түрлі байқаулар өткізіліп жатыр. Бұл кітап оқу мәдениетін қалыптастырары сөзсіз.

Бөлісу